Жастар шығармашылығының «Шабыт» XIV халықаралық фестивалінің қазылар алқасы баспасөз мәслихатын өткізеді

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 3 қараша күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында жастар шығармашылығының «Шабыт» XIV халықаралық фестиваліне арналған баспасөз мәслихаты өтеді.

Жастар шығармашылығының «Шабыт» XIV халықаралық фестивалінің қазылар алқасы баспасөз мәслихатын өткізеді

Баспасөз мәслихатына қатысушылардың арасында Қазақстанның Халық әртістері Фариза Оңғарсынова және Қайрат Байбосынов, Чезар Полинни атындағы Падуан консерваториясының профессоры (Италия) Пьерлуиджи Дестра, Блуменау үрмелі оркестрінің бас дирижері (Бразилия) Даниель Бортолосси және тағы басқалар бар.

Осымен 14-інші рет шымылдығын ашқалы отырған фестиваль таяу және алыс шет елдерден кезекті рет талапты да талантты жастарды өз сахнасына жинайды. Биылғы байқау 6 аталым бойынша өтеді - «Үздік әдеби шығарма», «Бейнелеу өнері», «Эстрада жанры», «Халық әндері», «Классикалық әндер» және «Баян-аккардеон».

Олардың шығармашылықтарын қазылар алқасының мүшелері: елімізге танымал белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер, мәдениет саласының майталмандары бағалайтын болады.

Қазылардың шешімімен ең дарынды деп танылған қатысушы Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогын алады. Одан кейін бас жүлде иегері анықталады; арнайы 3 сыйлық - «Лауреат» атағы, «Шабыт» медалі және «Шабыт» үстел медалі тағайындалады; Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлерінің атаулы дипломдары мен сыйлықтары, «Дипломант» атағын беретін дипломдар, ең белсенді қатысушыларға мақтау қағаздары, жеке-жеке аталымдар бойынша арнайы дипломдар мен сыйлықтар тапсырылатын болады.