«Жастар үйленбестен бұрын ВИЧ тестіден өтуі тиіс пе?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 16 ақпан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Серік Ахметовті қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, С.Ахметов Қазақстан Прези­ден­тіне елдің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының биылғы қаң­тардағы қорытындылары және Мемлекет басшысының 2013 жылғы 23 қаңтарда өткен кеңесте берген тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы баяндады. «Қаңтар айының қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 4,5 пайызды құрап отыр. Әлем­дік баға мен сұраныстың азаюы­на байланысты өңдеуші өнер­кәсіптегі индикаторлардың кейбірінің төмендеуі байқалуда. Жалпы, елімізде барлық сала бойынша биылғы жыл жағымды көрсеткіштермен басталды», - деді Қазақстанның Премьер-Министрі. Өз кезегінде Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық даму және елдің ішкі жалпы өнімінің өсу қарқынының одан әрі сақталу мәселелеріне үнемі бақылау жасап, мониторинг жүргізіп отыру қажеттігіне назар аударды.

«Егемен Қазақстан» газетіне Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындайтын жасампаздық жаңа межелер жайлы сұхбат берген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Елбасының кешенді әзірліктер мен сауатты жоспарлауға тас-түйін жұмыл­дыруының арқасында дағдарыс салдары еліміз үшін ауыр соққан жоқ. Жолдауда ХХІ ғасырдың әлемдік он сын-қатері атап көрсетіліп, оның кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болуға сақтандыру әлемдік қаржылық жүйенің әлі де босаңдығын, кез келген уақытта дағдарыс дауылы соғу мүмкіндігін байқатса керек. Соған орай Президент мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген, үйлестірілген бағытын ұсыну арқылы пайда түсіру, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген экономикалық прагматизм жаңа бағыттың экономикалық саясаты екенін негіздеп, 2050 жылға дейін кезең-кезеңмен атқарылатын маңызды мәселелерді екшеп берді», - дейді. Сұхбат «Береке-бірлікке бастайтын биік белестер» деген тақырыппен берілген.

***

Биылғы қыс ешкімге де оңай соғып тұрған жоқ. Екі күннің бірінде еліміздің әр аумағында коммуналдық жүйеде әйтеуір бір апат болады. Соның кесірінен қаншама халық сусыз, жылусыз, электр жарығынсыз қалып отыр. Коммуналдық қызмет тарифі жылдан-жылға өскенімен жүйе ретке келіп, жағдайы жақсарып жатқаны шамалы. Керісінше, кеңес заманынан келе жатқан жылу, электр, су жүйелері уақыт өткен сайын тозып барады. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінің сенбілік санында «Тариф неге тәртіпке бағынбайды?» деген тақырыппен берілген. «Статистика агенттігінің мәліметіне жүгінсек, 2005-2011 жылдар аралығында электр жарығының орташа құны 118 пайызға, ал газ, ыстық және суық судың құны 50 пайызға көтерілген. Коммуналдық құрылымның 80 пайызының тозығы жетіпті. Алайда оны жөндеп жатқан монополист көрінбейді», - деп жазады басылым.

Соңғы кездері Қазақстан Үкіметінің бірқатар тосын қадамдары қоғамның қызығушылығын арттырып, түрлі пікірталастардың тамызығына айналып отыр. Жинақтаушы зейнетақы қорының реформаға ұшырауы, «ЭКСПО-2017»-ге қатысты жаңадан басталатын индустриялды бастамалар және облыстар мен қалалардың байланысын күшейтетін инфрақұрылымдық мега жобалар ел тұрғындарының да құлағын елеңдете түсуде. Сонымен бірге Елбасының таяуда дағдарыс кезеңінде Ұлттық қордан Үкіметке берілген 10 миллиард доллардың қайтпай қалуына қатысты айтқан сыны да саясаткерлер мен сарапшылардың біразға дейін талқылайтын тақырыбына ұласты. Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Нематұлы Келімбетов «Айқын» газетіне тартысқа түскен тақырыптарға қатысты сұхбат берді. Сұхбат «10 миллиард доллар шығынға ұшыраған банктерді сақтап қалды» деген тақырыппен берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Жастар үйленбестен бұрын ВИЧ тестіден өтуі тиіс пе?» деген мақалада соңғы кезде еліміздегі ВИЧ, СПИД секілді қауіпті дерттердің жыныстық жолмен жұқтыру фактілерінің күрт көбейгені айтылады. Сондықтан бұл мәселеге ұлттық қауіпсіздік тұрғысына қарауымыз керек. Көрші Қытай елі жас жұбайларды денсаулығы туралы анықтама әкелген соң ғана некеге тіркейді. Егер жас жұбайлардың біреуі дерт жұқтырған болса немесе денсаулығынан кінәрат табылса онда оларға некеге отыруға тыйым салынады. Мемлекет тарапынан жастардың денсаулығына деген жауапкершілігін міндеттеу қажет. Осыған орай Қарағанды қаласының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары «үйленер алдында жас жұбайларды ВИЧ инфекциясына тексерістен өтуін талап ететін заң қабылданса», дейді. Бұл ұсыныс заңдық жолмен бекітілуі тиіс.

Сонымен қатар осы басылымда «Қазақ балалар әдебиеті «қартайып» бара жатқан жоқ па?» деген тақырыппен басылған мақала балалар әдебиетінің күтілмей, бапталмай бау-бақша секілді қалып бара жатқанына назар аудартады. «Құдайға шүкір, қазақ балалар әдебиеті тақырыптық, мазмұндық жағынан ауқымды. Кешегі Жақан Смақов, Бүркіт Ысқақ, Бердібек Соқпақбаев, Қадір Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасов, Әділ Балта сынды көрнекті қаламгерлеріміздің қазақ баласына арнап жазған шығармалары әлі қаншама ұрпақты тәрбиелемек. Бүгінде арамызда жүрген Сұлтан Қалиұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Арасанбай Естен, Толымбек Әбдірайым, Дәнеш Ахмет, Кеңес Оразбекұлы сынды ақын-жазушылар жас ұрпақты жанды туындыларымен қуантып келеді. Жалпы, ұлт әдебиетінде аға буынның ішінде балалар тақырыбынан айналып өткендері кемде-кем. Ал кейінгі толқын жас қалам иелерінің арасында бұл салаға басы бүтін кірісіп жүргендері некен-саяқ. Осыған қарап қазақ балалар әдебиеті «қартайып» бара жатқан жоқ па дегендей біртүрлі ойға қаласың», - деп жазады басылым.

Соңғы жаңалықтар