«Жастар жалыны - 2015» фестивалінің жеңімпаздары танымал әншілермен бірге өнер көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 16 наурыз күні Астанада «Жастар жалыны - 2015» фестивалінің гала концерті өтеді, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, «Жастар» сарайында Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен дәстүрлі «Жастар жалыны - 2015» фестивалінің конкурстық турлары өтті. Биылғы «Жастар жалыны-2015» фестивалі Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында шығармашыл жастарды біріктіріп отыр. 11 наурызда «Эстрадалық және халық әндері» және «Халық билері» номинациялары, «Астана жүрегімде!» тақырыбында «Поэзия» номинациясы, «Астана келісім және бейбітшілік қаласы!» тақырыбында «Үздік блоггер» номинациясы бойынша 9 командалар өзара сайысқа түсті. 12 наурызда «Жеңісті жақындатқан күн» тақырыбында «Үздік студенттік театр» номинациясы, «Бес жарым ғасыр жырлайды» тақырыбында «Айтыс», «Студенттің бір күндік өмірі» тақырыбында «Үздік бейнеролик» номинациясы және «Үздік селфи», «Көркемсурет» номинациялары бойынша және 9 команда жарысқа түсті. «Жастар жалыны - 2015» фестивалінің қорытынды гала-концерті 16 наурызда «Жастар» сарайында өтеді. Фестиваль жеңімпаздары Айгүл Иманбаева, ОРДА тобы, Маржан Арапбаева сынды эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетеді.