Жастар жылы: Астананың Байқоңыр ауданында 10 бағытта жұмыс атқарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы Байқоңыр аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұхамеджан Болысбек Жастар жылында филиал жүзеге асыратын шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастар жылы: Астананың Байқоңыр ауданында 10 бағытта жұмыс атқарылады

«Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев жастарға маңызды төрт бағытты атап өтті: қолжетімді және сапалы білім, жұмыспен қамту, тұрғын үй және отбасын құру мәселелері. Сондай ақ, жұмыскер жастарға пәтер салуды және ерікті студенттердің шәкіртақысын 30% көтеру, шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту және ауыл шаруашылық саласын дамытып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қайта жаңғырту жөнінде тапсырмалар берді», - деп атап өтті Мұхамеджан Болысбек.

Осыған орай, филиал өкілі «Жастар жылы - 2019» аясында орындалатын 10 бағытты атап өтті.

«Жастар жылы аясында Астананың Байқоңыр ауданында жастар орталығы ашылады. Екіншіден, Байқоңыр ауданына қарасты әр саланың жастары бас қосатын коворкингке орын беріледі. Үшіншіден, Елбасының шағын және орта бизнес үлесін арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қорымен бірлесіп, «Жас кәсіпкерлерді қолдау» орталығын құрамыз», - деді ол.

XXI ғасыр - технология ғасыры болғандықтан, Байқоңыр ауданына қарасты колледждерде жастарға тегін IT-орталық ашылады.

Бесіншіден, «Жастар жылы - 2019: Жалын. Жасампаздық. Жаңғыру» атты еркін форматта жастар лагері ұйымдастырылады.

«Студент жастардың арасында стартап конкурстар ұйымдастыру және оларға қолдау көрсету де назарға алынды. Мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдау бойынша да бірқатар жобалар жасалады. Сонымен бірге, жастар арасында шығармашылықты дамыту мақсатында спорттық, интеллектуалдық бастамалар ұйымдастырылады. Тоғызыншы - жастардың рухани жаңғыруы аясында арнайы аудиторияларда (мектептер, балалар үйі, әскери мекемелерде) дәрістер, сұхбаттар, кездесулер өткіземіз. Сондай ақ, әлеуметтік аз қамтылған жастармен жұмыс істеу де жоспарланып отыр», - деді Мұхамеджан Болысбек.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. 23 қаңтарда Астанада «Тәуелсіздік ұрпақтары» атауымен Жастар жылы салтанатты түрде ашылды. Жастар жылына қатысты барлық ақпаратты «ҚазАқпарат» агенттігінің арнайы парақшасынан оқуға болады.