Жастар жылы: Бейжіңде еңбектеген сәбилер қатысқан жарыс өтті
Іс-шараға қазақстандық дипломаттар, ұлттық компаниялардың өкілдері мен олардың отбасылары - еңбектеген сәбилер мен мектеп жасына дейінгі балалар, оқушылар мен студенттер қатысты.
Жарыс 1 жасқа дейінгі нәрестелердің 10 метр қашықтықты еңбектеп еңсеруінен басталды. Кейін 1-2 жас, 3-4 жас, 5 жас, 6-7 жас, 8-9 жас, 10-11 жас, 12 және одан жоғары жастағы балалар бақ сынады.
Дода жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышевтің атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар алды.
«Ең кішкентай сәбилердің қатысуымен жарыс биыл екінші рет өтіп отыр. Бұл жақсы дәстүрге айналып келеді. Балалар оған тынымсыз дайындалып, басталуын күтеді. Мұндай спорттық шаралар ұжымның бірлігін нығайтады, салауатты өмір салтына бала кезден баулып, патриоттық сезімді арттырады», - деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ҚР-дың ҚХР-дағы елшілігінің кеңесшісі Асан Әлібаев.
Авторы Садық Әкежанов