Жастар жылы ғалымдарға үлкен мүмкіндік беріп отыр - жас ғалым

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жастар жылы ғалымдарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты, жас ғалым Шұғыла Бөрлібаева осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар жылы ғалымдарға үлкен мүмкіндік беріп отыр - жас ғалым

Оның айтуынша, қазіргі таңда көптеген жобалармен айналысып жүрген белсенді жастар жетерлік.

«Жастар жылының ашылуында Елбасымыз жастарға қатысты көп мән-жайды атап өтті. Жас ғалымдарға ізденіс жұмыстары үшін мемлекеттен қолдау көрсетіліп, 3 млрд теңге бөлінетіні қатты қуантты. Ол - біз үшін жаңа мүмкіндік», - дейді ол.

Қазіргі таңда Шұғыла зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алдына үлкен мақсат қойып отыр.

«Жас ғалым ретінде қазір Балхаш мыс кені аймағы бойынша зерттеу жүргізіп жатырмын, енді алда АҚШ-тағы Мичиган техникалық университетінде тағылымдамадан өтсем деген ойым бар. Әзірше алғышарттарын жасап қойдық. Ол университет атынан мемлекеттің қолдауымен жүргізіледі», - дейді жас ғалым Шұғыла Бөрлібаева.

Өзінің айтуынша, ол тек зерттеу жұмыстарымен ғана шектелмей, әлеуметтік салада да жастармен, еріктілермен, студенттермен көп кездесу өткізіп, өзге де жобалармен айналысады.

Еске салайық, 23 қаңтар күні Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысты.

Айта кетсек, Президент Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Арада бір айдан астам уақыт өткеннен кейін Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып ресми түрде жарияланды.



Еламан Тұрысбеков