Жастар жылы: Солтүстікқазақстандық студент ой-өрісті дамытатын ойыншық шығармақ
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті Жанат Кәкімов көп ұзамай жеке ісін ашпақшы. Жас кәсіпкердің бизнес жоспары дайын тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елбасының «Жастар жылының» ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен шабыттанған Жанат Кәкімов Петропавлдағы 27-мектептің 11-сыныбында оқып жүрген кезінде-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасында «Жас кәсіпкерлер» мектебінің ашылғанын естіп, ойланбастан курстарға жазылған. Нәтижесінде бозбаланың ойына ұшқыр бизнес-идея келіп, көп ұзамай бизнес-жоспар да дайын болады.
«Кәсіпкер болуды бала кезімнен армандадым. Өсе келе не дәрігер, не кәсіпкер боламын деген тоқтамға келдім. Сол уақытта ашылған «Жас кәсіпкерлер» мектебі менің таңдауымды айқындап берді. Оның өзінде кәсіпкерлік жолын таңдасам, алып-сатарлыққа емес, нақты өндіріске барамын деп шештім», - дейді Жанат Кәкімов.
Елбасының жазу реформасын қолдаған солтүстікқазақстандық жас, осы ауқымды міндетті тиімді жүзеге асыру амалдарын іздестіреді. Сөйтіп, қаладағы дүкен-супермаркеттерді аралай келе, ертең мектеп табалдырығын аттайтын жеткіншектер үшін латынша бірде-бір ойын құралының жоқтығын байқайды. Осылайша, латынша қаріптерді танып-білуді жеңілдету үшін балаларға оларды гипс қалыпшалар арқылы өз қолдарымен жасатқан жөн болады деп ой түйеді.
«Универститетте жобамды бірге жүзеге асыратын жалынды жастарды таптым. Алмаз Акишев дизайнмен айналысып, қалыптардағы композицияны, жинақ қорабын дайындады. Ақпараттың технологиялар мамандығын меңгеріп жүрген Ерлан Жапаров қалыптардың 3d үлгілерін жасады. Осы үлгілер бойынша ағаш матрицалар кәсіпкер Александр Ещановтың қолдауымен «Арт Сити» ЖШС цехында жасалып, олардың негізінде полимерден гипске арналған қалыпшалар құйылды», - дейді жас кәсіпкер.
Енді ойын жүзеге асырып, өндірісті жолға қою үшін Жанат Кәкімов «Бастау» бағдарламасына жүгінетін болады.
«Елбасының жастарға осындай мүмкіндік беріп жатқанына ризамын. Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше алдағы 2 жылға «Жас кәсіпкер» бағдарламасын іске асыру үшін 32 млрд теңге бөлінетінін жеткізді. 3 жылда «Атамекен» ҰКП осылайша 300 мың жасты оқытып шығарады. Мен кезінде «Бастау» жайлы естімегенде, бизнесті қалай ашып, не істеу керектігін білмес едім», - дейді студент.
Айту керек, латын әріптері қалыбынан бөлек, Жанат Кәкімов гипс ойыншықтардың көмегімен балаларға қазақтың ауыз-әдебиетінің кейіпкерлерін, туған өлкенің, еліміздің қасиетті жерлерін таныстыруды ойлап отыр.