Жастар жылы: Суретші Назерке Кемелбаеваның Түркия тақырыбында алғашқы көрмесі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында өз іс-шараларын бастады. Осыған орай, Орталық жас суретші, Қазақ ұлттық өнер университетінің 5 курс студенті Назерке Кемелбаеваның «Қазақстандықтар көзімен Түркия» атты жеке көрмесін өткізеді. Жас суретшінің көрмесі 2019 жылдың 14 наурызында Астанадағы Хан Шатыр орталығында өтеді.

Жастар жылы: Суретші Назерке Кемелбаеваның Түркия тақырыбында алғашқы көрмесі өтеді

Назерке Кемелбаева 1996 жылы 19 қаңтарда Жезқазған қаласында дүниеге келген. Мектепті Астана қаласындағы № 66 қазақ лицейінде бітіріп, қазіргі таңда Қазақ Ұлттық өнер университеті сценография факультетінің 5 курсында оқиды.

«Біздің үйдегі басты идеология - кітап культі және әдебиет әлемі. Анамның үйде үлкен жеке кітапханасы бар. Менің анам Айгүл Кемелбаева жазушы, кинодраматург, эссеші, 5 кітаптың авторы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Үйде апайым Балнұр екеуміз кішкентайымыздан анам оқып беретін ертегі кітаптардың мазмұнын жатқа біліп өстік. Иллюстрацияларға қызығып өстім, шимайлап сала беретін балалық суреттерімді анам сақтап қойыпты. Менің сурет өнерін таңдауыма үйдегі шығармашылық атмосфера айрықша әсер етті. Түрік руханиятына қызығушылығым телесериалдардан, кино әлемінен басталды. Шебер түсірілген тарихи фильмдердегі көрікті актерлер, көркем музыка, тамаша костюмдер, дизайн мен менталитет түгел ұнайды», - дейді Назерке Кемелбаева.
null

Ол түрік мәдениеті мен өнеріне қатты қызығады. Астанадағы Юнус Эмре институтында түрікше үйренгенін айтады. Сонда жүріп Каппадокияның Пері мұржалары мен Ыстанбұлдағы Сұлтан Ахмет мешітінің суретін кәсіби түрлі-түсті Faber-Castell қарындаштарымен графика техникасында сала бастаған. Кейіннен бұл қызығушылық Түркияға қатысты суреттер сериясына ұласып, тамаша шығармашылық үрдіске айналған.
null

Назерке келешекте мықты иллюстратор болуды армандайды. Сондықтан Түркияда магистратурада оқу үшін өтініш берген екен.

Хан шатыр орталығында өтетін көрмеге жас суретшінің графика тәсілімен салынған Түркия тақырыбына арналған 40 суреті ұсынылып отыр. Олардың арасында Конья қаласындағы Мевлана кесенесі, Адыямандағы Немрут тауы және ескерткіштері, Ыстанбұлдағы әлемге танымал Айя София мұражайы мен Қыз мұнарасы, Румели Хисар бекінісі, Измирдегі Cағат мұнарасы, Урфадағы Балыклы гөл, Айдындағы Афродисия ежелгі қаласы, Трабзондағы Узунгөл, Невшехирдегі Каппадокия т.б бар.

null null