Жастар жылының жабылуына орай бірқатар шара өтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 9-12 желтоқсан аралығында Жастар жылының жабылуы мен Волонтерлер жылының басталуына арналған бірқатар іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚХА «Жастар синергиясы» форумы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын табыстау, Қазақстандағы КВН-нің 20 жылдығына орайланған Республикалық «Жайдарман» конкурсының финалы, халықаралық еріктілер форумы, ҮЕҰ арасында марапаттарды және меценаттар арасында «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстау рәсімі.
Басты іс-шара ел басшылығының қатысуымен Жастар жылының жабылу және волонтер жылының ашылу салтанаты болады. Рәсім ЭКСПО павильондарының бірінде өтеді. Онда 2 көрме аймағы ұйымдастырылады: Жастар жылы аясында жүзеге асырылған «Жобалар аумағы» және Волонтерлер жылының тұсаукесер-көрмесі.
Павильонның басты сахнасында - «TED Jastar» форумында - ел басшылығымен бейресми кездесу ұйымдастырылып, Жастар жылының нәтижелері туралы табысқа жеткен жас буын өкілдері баяндайтын болады.