Жастарды әдебиетке, өнер мен мәдениетке баулуымыз керек - Б.Сапарбаев

«Әрбір ұлттың, мемлекеттің дамуы, болашағы өркениетке байланысты. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендік алған күннен бастап осы мәселеге зор көңіл бөліп келеді. Жақында ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен мәдениеттің саяси дамуының тұжырымдамасы қабылданды. Мұндағы негізгі мақсат - осы саладағы барлық қызметкерлердің «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға байланысты жұмыстарды жүргізіп, еліміздің дүниежүзінің дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін өз үлестерін қосуы», - деді ол.
Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары әрбір мемлекеттің дамуы тек оның экономикалық көрсеткіштерімен емес, сонымен бірге әдеби, мәдени, спорттық көрсеткіштерімен де есептелінетіндігін баса айтты. Қазіргі қиыншылықтарға қарамастан елімізде мемлекеттің қолдауымен жүздеген кітаптар жарық көріп, романдардың , пьесалардың жазылып жатқанын, фильмдердің түсіріліп жатқанын атап өтті.
«Ендігі мақсат - осынау тұжырымдамаға сәйкес сол туындыларды елге, әсіресе, жастардың арасында насихаттап, түсіндіріп, бағасын беру. Өкінішке орай, қазіргі кезде біздің жастарымыз кітап оқудан, концертке барудан қалып барады.
Сондықтан жергілікті жердегі басқармалардың, әкімшіліктердің міндеті - жастарды әдебиетке, өнерге, мәдениетке баулу», - деді Б.Сапарбаев.