Жастарды ауылға бағыттау үшін медициналық оқу орындарына отансүйгіштікке тәрбиелеу міндеті қойылды
АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жастарды ауылға бағыттау үшін медициналық оқу орындарында отансүйгіштікке тәрбиелеу міндеті қойылды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламентінде «Медициналық және педагогтық кадрларды ауылдық жерлерге бекітудің жағдайы және оған қажетті шаралар туралы» өткен отырыста Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы Болат Садықов мәлім етті.
«Бүгінде біз жоғары оқу орындарының ректорлары алдына Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі отансүйгіштік түсінігін тәрбиелеу тұрғысында қатаң міндет қойдық. Сондықтан түлектермен насихат жұмыстарын жүргізу үшін бұл идеологияны ректорларға дейін жеткізудеміз», - деді Жауапты хатшы.
Б. Садықов қазіргі кезде ауылдық жердің денсаулық сақтау жүйесінен өту әр дәрігердің борышы екенін студенттерге кеңінен насихаттау шаралары атқарылып жатқандығын жеткізді.
«2-3 жылдан бері жас мамандардың ауылда үш жылдық мерзімде жұмыс істеуін заңнамалық түрде бекіту мәселесі көтерілуде», - деді Б. Садықов. Осы орайда мысал ретінде бұрындары үш жылдық жұмыспен өтеуге ауылдық жерлерге жіберілген кездер болғанын еске салып өтті.