Жастарды қолдауда Қазақстан АӨІСШК елдері ішінде көш ілгері тұр
АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның жастар саясаты АӨІСШК елдері арасында ең үздігі саналады. Бұл туралы бүгін «Республикалық сайыскерлер қауымдастығының» басшысы Еркебұлан Мұқанов мәлім етті.
«Қазақстан АӨІСШК елдері ішінде көш ілгері тұр. Ол мемлекеттерде біздегідей жастар саясаты жоқ. Ұйымға мүше-елдердің жастары бүгінде Астанадағы халықаралық конференцияда бас қосып, өздерінде жастарды қолдау саласында болып жатқан шаралармен таныстыруда, өзекті проблемаларымен бөлісуде. Қарап отырсақ, оларға қарағанда, Қазақстанда әлдеқайда қолайлы шарттар жасалған. Қазақстан көшбасшы, бізде абыроймен айта алатындай жетістіктеріміз бар», - дейді Е. Мұқанов агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
«Мысалы, Әзірбайжанда тек 120 жастар ұйымы бар. Біздің елде олардың саны 10 мыңнан асып жығылады. Қаржыландыру көлемі де бірнеше есе жоғары. Биыл жастар саясаты комитеті құрылғалы жатыр. Келесі жылдан бастап қаржыландыру сомасы тағы да ұлғаятындығы анық», - деп түйіндеді сөзін ол.