Жастарды шекаралық қызметке ерекше талаппен таңдағанымыз абзал - Қ. Сұлтанов

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Жастарды шекаралық қызметке ерекше талаппен таңдағанымыз абзал. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Қуаныш Сұлтанов мәлім етті.

Жастарды шекаралық қызметке ерекше талаппен таңдағанымыз абзал - Қ. Сұлтанов

«Бабаларымыз көзінің қарашығындай қорғап, қасық қанындай қасиеттеп өткен асыл мұрасы, ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға қалған мұрасы - қазақ жері. Ежелден қазақ жерінің белгілі шекарасы болғанымен, бүгінгі заманымызға дейін ресми түрде көршілес, шекаралас мемлекеттердің мойындап, арнайы келісіммен хатталып халықарлық ұйымдармен танылып, заңмен бектілген шекараға ие болу бақыты тек тәуелсіздік тұсында біздің дәуіріміздің, біздің ұрпақтың иесіне тиген зор бақыт», - деп атап өтті Қуаныш Сұлтанов. Оның айтуынша, Мемлекеттік шекараны көршілестерімізбен келісіп заңдастыруды Н. Назарбаев 1991 жылы 16 желтоқсан күні ҚР Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заңды қабылдап жатқан тұста тұңғыш рет жариялап еді. Содан бері бұл салаға мемлекеттік институттардың барлығы жұмылдырылды. 20 жылдың ішінде осындай бағыттағы жұмыстар сапалы атқарылып, БҰҰ тарапынан елдігіміз мойындалды. Бұған Тұңғыш Президенттің еңбегі мен қайраткерлігі орасан зор септік болды.

Сонымен қатар, депутат Қ. Сұлтанов шекара мәселесінің бүгінгі өзекті тұсына тоқтала келе, бұрын болжанбаған жаңа қатерлер елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көптеген шараларды қатайтуды талап ететіндігіне айрықша назар аударды. «Шекаралық өңірлер мен аймақтарға Үкімет айрықша мән беріп, оған қаржылық көмекті басымдықпен қарастырғаны жөн болар еді. Шекара қызметінің мәртебесін көтеру мақсатында саланың әлеуметтік-техникалық жабдықталуын замана талабына сай түбегейлі өзгерту қажет. Өйткені, шекарадағы байланыс құралдарынан бастап, техникалық жабдықтау шаралары мүлдем бүгінгі талапқа сай келмейді», - дейді депутат.

Сонымен қатар, шекаралық қызмет мәртебесін көтеру шараларына тоқталған Қуаныш Сұлтанұлы, жастарды шекаралық әскери қызметке ерекше талаппен таңдау қажеттігін алға тартты. «Бұған отаншылдығы, өзінің ықыласы бар жастарды таңдауды жолға қою қажет. Бұл әлемдегі шекара қызметтердің тәжірибесінде бар дүние. Жалпы шекаралық қызмет дегеннің өзі отаншылдық тәрбиесі болуы шарт. Шекарашылардың өздері өз қызметтерін құрметтеп, жауапкершіл болулары керек. Біз олармен кездескенде кейбіреулер тіпті сүлей-сапа, бар-жоқтың ортасында жүргенін де аңғардық. Ал шекаралық қызмет ерекше харизманы, ерекше көзқарасты қажет ететін қызмет болуы шарт», - деді Қ. Сұлтанов.