Жастарды суицидтен құтқаруға арналған қаржы қайда кетіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат -Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жастарға психологиялық көмек беруге арналған бюджет қаржысын жұмсау мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастарды суицидтен құтқаруға арналған қаржы қайда кетіп жатыр

Министрдің айтуынша, бүгінде жастар арасындағы суицидтің көрсеткіші жағынан Қазақстан әлем бойынша Үндістаннан кейінгі екінші орында келеді. Бұл - Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының ресми дерегі.

«Сарапшылардың қорытындысы бойынша ондай жағдайлардың 90 пайызы балалардың шын ниеті емес, бұл - олардың жанайқайы. Бірақ біз оны көп жағдайда естімей жатамыз. Қазіргі жастардың басым бөлігі бос уақытын теледидарды көрумен, музыка тыңдаумен, я болмаса, ғаламторды шарлаумен өткізеді. Ал осы проблеманың негізгі себебі - мәдени-спорттық нысандардың қолжетімді болмауы. Ондай жерлерге барған қымбат болып отыр. Бұдан бөлек, жастар саясаты саласында бюджет қаржысын тиімді жұмсау мәселесіне де баса назар аудару қажет. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметіне сәйкес, 2015 жылда суицидке жақын, яғни проблемалы жастардың мәселесін шешу шараларына барлық мемлекеттік тапсырыстың тек 8,6 пайызы ғана жұмсалды. Сол себепті тиісті мемлекеттік органдарға әлеуметтік шараларды жоспарлау барысында қиын жағдайға тап болған жастар мәселесіне баса назар аударуға кеңес береміз. Осы орайда қысқа мерзімді емес, ұзақмерзімді қаржыландырудың болғаны жөн», - дейді Ермекбаев.

Айта кетейік, отырыс барысында министр мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын жыл сайын беруді ұсынды. Осының арқасында дарынды жастардың мүмкіндіктерін барынша кеңейтіп, ғылыми-шығармашылық ынтасын күшейтуге болады. Бұдан бөлек, Ермекбаев барлық мектептерде бір уақытта«Отбасы сағатын» өткізіп , отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауды ұсынып отыр. Осы бастамаға білім министрлігі мен әкімдіктердің қолдауы қажет.