Жастарды жұмыспен қамтудың кешенді шаралары қарастырылып отыр – Тамара Дүйсенова
Министрдің пікірінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
«Ұлттық жобалар мен бизнестің жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа бос жұмыс орындарын іздеудің де, қызметкерлерді іздеудің де бірыңғай алаңына айналады. Қазір электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден 108 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде 10,4 мың бос жұмыс орны бар», -деді Тамара Дүйсенова.
Жастарды ірі өндірістік кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру жобасы басты бағытқа айналып отыр. Оған бірінші болып ERG компаниялар тобы қосылып, электрондық еңбек биржасында бос орындар тізімін ұсынған. Осылайша, 200-ден астам жас маман жұмысқа орналастырылған. Жақында басқа компаниялардан бос жұмыс орындары ұсынылады.
«Өткен айда электрондық еңбек биржасында Қазақстандағы алғашқы онлайн-жәрмеңкені өткіздік. Іс-шара 35 жасқа дейінгі жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталды. Жәрмеңкеге 23 ірі компания, банктер мен сауда желілері қатысып, 1 330 бос жұмыс орнын ұсынды. Жұмыс іздеушілерден 3,5 мың түйіндеме түсті. Қазір жұмыс берушілер таңдалған кандидаттарға одан әрі бағалау жүргізіп жатыр. Мұндай жәрмеңкелер тұрақты өткізіледі», -деді министр.
Тағы бір маңызды бағыт – кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жас кәсіпкерлер мен стартап-жобаларды қолдау. Биыл жастардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруға 10 мың грант бөлінген. Өтінім жолдаудан грант беруге дейінгі процесс Business Enbek платформасының көмегімен толық автоматтандырылған. Онда үміткерлер барлық қажетті құжатты электрондық форматта толтырады.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, еңбек нарығында қиындықтарға тап болған жастар жұмыс орындарын субсидиялау бойынша ЖОО мен колледж түлектеріне арналған Жастар практикасына қатыса алады. Сондай-ақ, білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бар.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіздегі жобадан босайтындарды жұмысқа орналастыру жөнінде Жол картасы әзірленгенін жазған едік.
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі