Жастардың баспаналы болу жолдары қандай – сарапшылар ұсынысы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жастарды баспанамен қамту барлық уақытта да өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Осыған орай бүгін «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында сарапшылар бас қосып, дәл осы мәселені жан-жақты талқыға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс-шараны ашқан ҚР Президенті жанындағы Әлеуметтік-экономикалық реформаларды сараптау және мониторинг орталығы эксперттік-сарапшылық тобының кеңесшісі Әділ Құсманов жастарға жалға берілетін баспана ұсыну тетіктеріне тоқталып, оның кемшілігі бар екенін ашық айтты.
«Біз жалдамалы баспана берудің қолданыстағы ережесіне бірқатар сараптама жүргіздік. Қазіргі уақытта біз жастарға жалдамалы пәтерлер береміз. Онда қарсы міндеттемелер тетігін енгізу көзделмеген. Мәселен, баспананы 3,5 жылға жалға береміз. Жастар оған азын-аулақ ақша төлеп тұрады. Уақыты келгенде баспананы қайтарып аламыз. Бұл бір жағынан жақсы екінші жағынан адамдарды қаржы жинауға ынталандыра алмайды», - деді сарапшы.
Осы ретте ол жастарды өз қаражатын жинауға ынталандыру қажеттігін алға тартады.
«Жастар «Отбасы» банкі немесе басқа екінші деңгейлі банктер арқылы қаржы жинауға ынталы болатындай қарсы міндеттемелер тетігін енгізуіміз қажет. Жалға алу мерзімі аяқталған кезде ол баспананы несиеге алуға баспапқы қаржы жинай алуы тиіс. Бұл бір жағынан табысы біршама жоғары адамдарға қатысты. Ал жалақысы төмен азаматтарға басқа тетік қарастырған жөн. Жатақхана беру мәселесін де қарастырған дұрыс болар. Онда да жатақхана уақытша және тұрақты тұруға берілуі керек. Мұндай жатақханаларда онда тұратын адамдар баспананы несие арқылы сатып алуға қажетті алғашқы жарна жинағанға дейін тұру қажет», - деді Әділ Құсманов.
Сонымен қатар сарапшы қазіргі уақытта кез келген жас жалақысының қанша болғанына қарамастан баспананы жалға алатынын айтты.
«Мәселен, менің миллион теңге табыс табатын досым бар және ол жалдамалы пәтер алды. Меніңше, бұл - әділ емес. Оған қарағанда баспанаға мұқтаж жандар бар әрі олар пәтерге қол жеткізе алмай отыр. Өйткені, ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан жастарға жалға берілетін пәтер ұсынған кезде олардың айлықтарын да ескерген жөн. Ипотекаға қаражат жинай алмай жүргендерге арналған жаңа тетіктер енгізу қажет», - деді ол.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әзиз Ысқақов та талқыланған мәселеге қатысты өздерінің зерттеулері жайында айтып берді.
«Өткен жылы біздің орталық жүргізген зерттеудің қорытындысына сәйкес, тұрақты түрде медициналық тексеруден өтетін жастардың саны азайып келе жатыр. ынталандырудың мұндай тетіктері зерделенуі тиіс. Енді талқыланып отырған баспана мәселесіне келер болсақ мемлекеттік саясатта корпоративтік-философиялық тұсы бар. Ол өзіне қандай рөл алуы тиіс? «Супер ата-ана» рөлі болған кезде іс басқа. Ол кезде мемлекет барлық азаматтарды бақылауға тырысады немесе оның болашақ ұрпағы белгілі бір кемеліне келді және де ол өздеріне сенім артуы тиіс деп санайды», - деді ол.
Сарапшының атап өтуінше, жастардың бойына нақты қаржылық тәртіп сіңіруге мүмкіндік беретін қарсы міндеттемелер тетігі қажет. Бұл оларға пәтер сатып алуды нақты әрі жүйелі түрде жоспарлауға, өздерінің адами капиталын дамытуға мүмкіндік береді.
«Қаңтар оқиғасына дейін жүргізілген зерттеулерге сәйкес, жастардың басым бөлігі баспана жағдайын жақсартуға үміт артқан. Өкінішке қарай, жоғары оқу орындары қанша жатақхана қажет деген сараптама жүргізбейді. Онсыз жатақхана салу жайлы болжам жасай алмайсыз. Меніңше, бұл бағытта осы қызметті бәсекелестік ортаға шығарудың айтарлықтай әлеуеті бар», - деді Әзиз Ысқақов.
Осы ретте іс-шараға ЗУМ арқылы қатысқан «Отбасы» банкінің өкілі қаржы институты тарапынан жастарды баспанамен қамту мәселесі жіті талқыға түспегенін айтады.
«Қазіргі уақытта Мәжіліс қарауында тұрғын үй саясатындағы бірқатар реформа туралы заң жобасы жатыр. біз жалпы идеологияны өзгертіп жатырмыз. Баспананың қолжетімділігіне қатысты қандай да бір баспалдақ болады әрі барлық ұстанымдар үй шаруашылығының кірісі төңірегінде қалыптастырылады. Егер ол шектен төмен болса, онда «Отбасы» банкі оларды басым тәртіппен қарайды және бұл санат жеңілдікпен несие алуға үміткер саналады. Біздің бүкіл идеологиямыз осының төңірегінде қалыптастырылған. Жастар санатында да осындай мүмкіндіктер қарастыруға болады. Біздің банк негізінен әлеуметтік осал топқа, нақты бір санатпен кезекке тұратын адамдарға жеңілдікпен несие беруге басымдық жасайды. Егер осындай дүние болатын болса, онда біз қарсы емеспіз. Бұл реттегі басты мәселе – аталған санат қандай қаражат есебінен несие алатындығында. Өйткені, кез келген жеңілдікті займ республикалық және жергілікті бюджетке арқа сүйейді»,- деді банк өкілі.