Жастардың білімге деген ықыласы қазір артып келе жатыр

АЛМАТЫ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жастардың жаңалыққа деген құмарлығы білім саласына да өз ықпалын тигізуде.

Жастардың білімге деген ықыласы қазір артып келе жатыр

Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан халықаралық білім кеңістігінде» деп аталатын студенттердің ІІ Халықаралық ғылыми конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогика университетінің дайындық факультетіндегі Иран, Корея, Қытай, Моңғолия және Түркия елдерінен келген шетелдік және Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарында оқитын студенттер мен жас ғалымдар қатысуда. Конференция жұмысы қазір педагогика, филология ғылымдары, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және жас ғалымдар деп аталатын 4 секция бойынша жүріп жатыр.

«Бұл шараның мақсаты - университеттің халықаралық байланысын кеңейту және студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу. Олар осындай конференциялар арқылы көпшіліктің алдына шығып сөйлеуге, баяндама, реферат пен курстық жұмыстарын сауатты әзірлеуге және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысуға тәжірибе жинақтайды. Әрине, дайындық бөліміндегілердің жұмыстарында үлкен жаңалықтар болмауы мүмкін. Бірақ өзге студенттердің арасында жаңа бағдарламалары мен оқу құралдары үшін авторлық куәліктерге қол жеткізгендер кездесуі күмәнсіз», дейді дәстүрлі халықаралық студенттер конференциясын ұйымдастыру комитетінің мүшесі профессор Сәуле Бегалиева. Дайындық факультетінің шет елден келген студенттерге арналған орыс филологиясы кафедрасы меңгерушісінің айтуынша, қазіргі таңда ҚазҰПУ-да 300 шетелдік студент білім алуда. Әлемнің 95 жоғары оқу орнымен байланыс жасайтын университетте серіктестермен студенттер мен оқытушылар алмасу ісі де жолға қойылған.