Жастардың діни «иммунитетін» қалыптастыру үшін өз мәзхабымызды оқытуды күшейте аламыз ба - министрдің жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде танымал дінтанушылар мен саясаткерлердің ойынша, жастарды жат діни ағымдардан қорғау үшін алдымен қазақ халқы ұстанатын діни бағытты оқыту жұмыстарын күшейту керек. 

Жастардың діни «иммунитетін» қалыптастыру үшін өз мәзхабымызды оқытуды күшейте аламыз ба - министрдің жауабы

Осының нәтижесінде жастардың бойында діни «иммунитет» қалыптасады. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осы пікірге қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан - көпұлтты әрі көп конфессиялы мемлекет. Бізде басқа конфессиялардың көп екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал солардың ішінде мұсылмандар жайында айтатын болсақ, олардың ішінде дінге қызығатын және қызықпайтын адамдар да бар. Бұл - зайырлы мемлекетке тән нәрсе. Сондықтан дінге қызығушылығы бар адамдарға, әрине, міндетті түрде өзіміздің дәстүрлі діни ұстанымымызды дұрыс жеткізуіміз керек. Алайда зайырлы мемлекеттің басты қағидаттарына сәйкес, дінге қызығушылығы жоқ адамдарға жасанды түрде дінді насихаттаудың қажеті жоқ, оларды міндеттеуге болмайды», - дейді Н.Ермекбаев. Оның айтуынша, бүгінде дінге байланысты мемлекеттік саясат саласында тұжырымдама әзірленіп жатыр. «Қазір оны жан-жақты талқылап жатырмыз. Онда жалпы теориялық мәселелер қамтылып, дін саласындағы негізгі қағидаларға түсініктеме берілетін болады», - деп атап көрсетті министр.

Айта кетейік, Астанада өткен жиындардың бірінде Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев «радикалды ағымдарға қарсы күресудің бірден-бір жолы ол - өз идеологиямызды күшейту» деген пікірін білдірген болатын.

«Радикалды ағымдар - бұл идеология.Оған жайдан жай тыйым сала алмайсың. Қоғамдық ұйым болса, жауып тастауға болатын еді. Ал идеологияға біз қалайша тыйым саламыз? Әрине, қандай да бір шешімдерді қабылдауға болады. Алайда идеологиямен күресудің ең тиімді жолы - оған қарсы басқа идеологияны қою. Біз оған қарсы өз идеологиямызды қарсы қоюымыз қажет. Біздің идеологиямыз - Ханафи мазхабы идеологиясы, толеранттылық идеологиясы, мәдениаралық диалог идеологиясы. Міне, біз осы тұрғыда күрес шараларын жүргізуіміз керек», - деді М.Әшімбаев.

Депутаттың айтуынша, елімізде лаңкестік әрекеттердің жиілеп кетуіне тек ішкі істер минстрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура органдары ғана жауапты деп ойлауға болмайды.

«Иә, аталған күштік құрылымдар ондай әрекеттерге жол бермеуі керек. Дегенмен, жауапкершіліктің жүгі бүкілқазақстандық қоғамға түсіп отыр. Соның ішінде азаматтық қоғам институттары, білім беру жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар және тағысын тағы. Бұл дегеніміз, біз бәріміз сол қауіп-қатерлердің алдын алуды ойлауымыз қажет. Өз идеологиямызды күшейтуіміз керек», - деп атап көрсетті Мәжіліс депутаты.