Жастардың діни сауатын көтеру және ол туралы жан-жақты ақпарат беру біз үшін маңызды міндет - Білім және ғылым министрлігінің өкілі

Бұл туралы бүгін Астанада «Жастар арасындағы дінаралық қатынас: проблемалар, олардың шешілу жолдары», атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Білім және ғылым министрлігінің Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры Мадияр Қожахмет мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, осы мақсатта елдегі оқу орындарында дін сабақтары енгізілді. Бұл тек мемлекет тарапынан ғана атқарылып жатқан шаралар емес. Игі іске елдегі діни орталықтар мен жастар ұйымдарының өкілдері де атсалысуда. «Сондықтан бүгінгідей жиындардың жастар арасында ұдайы өткізіліп тұруы өте пайдалы. Айта кетерлік мәселе - осы кезде елімізде 2011-2020 жылдарды қамтитын білім беру саласының мемлекеттік бағдарламасына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш бағдарламаның бір бөлігі білім берумен қатар жастар арасында салауатты өмір салты мен тәрбиелік мәні бар шараларды қолға алу мәселесі де енгізілмек. Өткен жылы біз білім беру саласында шексіз тәрбие беру тұжырымдамасын қабылдаған болатынбыз. Онда да діни сауаттылық және жалпы дін мәселелері ерекше орын алды», деді департамент директоры.