Жастардың «Инновациялық Қазақстан» республикалық конкурсында екі айда 500-ден астам идея жинақталды

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Жастар арасында өтіп жатқан «Инновациялық Қазақстан» республикалық конкурсына екі айдың ішінде 500-ден астам идея жинақталды.

Жастардың «Инновациялық Қазақстан» республикалық конкурсында екі айда 500-ден астам идея жинақталды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қазақстандық оқу орындарының нақты технологиялық серпінді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жеткілікті ғылыми базасы бар деп санайды. Қор Басқармасының Төрағасы Тимур Құлыбаев атап өткендей, «ғылыммен айналысқысы келетін жас ғалымдар мен мамандарға қолдау көрсетудің жүйелі шараларын ретке келтіру қажет». «Инновациялық Қазақстан» конкурсы қазақстандық компаниялардың дамуы үшін қызықты бола алатын ғылыми әзірлемелерге жастарды тартудың жарқын үлгісі болып отыр»,-делінген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ баспасөз қызметінің таратқан мәліметінде.

«Технологиялық серпін» аталымына берілген өтінімдер саны бойынша бірнеше апта қатарынан бірінші орында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті тұр.

Берілген өтінімдер саны бойынша «Әлеуметтік идея» аталымында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті көш басында келеді. «Бұл конкурс студенттер мен жастар арасында елеулі оқиға болып отыр. Ол бастамашыл адамдардың әлеуетін қыздырып қана қоймай, олардың тәжірибеде қолданылуына себепкер болады. «Самұрық-Қазына» қорының технологиялық проблемаларды шешуге отандық ғылымды тартуға ұмтылып, бұл процесте белсенді ғылыми жастарға иек артып отырғандығы қуантады. Себебі жастар осындай бастамалардың арқасында ғылыммен айналысу - тиімді әрі беделді екендігін түсінеді» - деп атап өтті С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын.

Айта кетейік, 2011 жылғы қыркүйекте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жастар арасында «Инновациялық Қазақстан» республикалық конкурсын бастады. Қор «Технологиялық серпін» және «Әлеуметтік идеялар» деп аталатын екі аталым бойынша жастар бастамаларын анықтап, қолдау көрсетуге ұмтылады. Конкурстың он финалшысы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компаниялар тобына жұмысқа қабылданатын болады. Ал желтоқсанда білім беру грантын иеленетін екі жеңімпаз анықталады. Жеңімпаздар өздерінің қалауы бойынша шетелде тілдік курста, ғылыми дәреже тағайындаусыз шетелдік ЖОО-да оқи алады немесе отандық не шетелдік компанияда ғылыми-өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне қол жеткізеді.