Жастардың кадрлық резервіне үміткерлерді қабылдау басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жастар кадрлық резерві -2017» республикалық жобасы іске қосылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастардың кадрлық резервіне үміткерлерді қабылдау басталды

«Өздеріңіз білесіздер, «Жастар кадрлық резерві» жобасы 2009 жылдан бастап жүзеге асып жатыр. Сегіз жылдың ішінде жобаға 14 000 астам жастар қатысты, олардың ішінен 420 адам ашық іріктеуден, тестілеуден, бағалаудан өтіп, олар түрлі салада қызмет етуде. Сондықтан бүгін кезекті рет арнайы жарияланып отырған конкурстың мақсаты болашаққа білікті кадрларды даярлауға негізделген», - деп тоқталды Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен.

Атап айтқанда, жобаға 18-29 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Осы орайда өтінімдерді қабылдау rezerv.kz сайтында биылғы 12-30 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Сонымен қатар жобада бірнеше кезең қамтылған, яғни онда қатысушыны тіркеу, іріктеу, білім беру кезеңі және тағылымдамадан өту сатылары ескеріліп отыр.

Жоба нәтижелері бойынша мемлекеттік әрбір өңірінен үш адамнан жалпы 48 адам іріктелінеді. Содан кейін 32 адамнан құралған пулл жасақталып, олар Астанада біліктілігін шыңдап, Парламент Мәжілісінде екі апталық тағылымдамадан өтеді. Ал қалған 16 адам мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда тағылымдамамен қамтылады.

«Жалпы, «Жастар кадрлық резерві» - жастар саясаты саласындағы қажеті жобалардың бірі болып табылады. Жастардың болашақ қалыптасуына мемлекет тарапынан да үлкен қолдау бар. Бізд осы жобаның көмегімен еліміздің жас ұрпағының ең жақсы әлеуетіне негізделген күшті резервті құруды көздеп отырмыз», - деді Б. Мәкен.

Айта кетейік, бұл жоба бойынша «Болашақ» қауымдастығы, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, «Нұр Отан» партиясының  қолдауымен іске асырылуда. Жобаның мақсаты - жастар арасынан мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес пен қоғамдық қызмет үшін заманауи әрі тиімді басқарушылардың жаңа тобын қалыптастыру.