Жастардың жеңілдік мүмкіндіктерін 35 жасқа дейін көтеру қажет - Ә. Тұрдығұлов
Аталмыш жиын жастардың рухани, мәдени және кәсіби білімі жағынан қалыптасуын, олардың бүкіл қоғам мүддесі жолындағы шығармашылық әлеуетін ашу үшін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлар мен кепілдіктерді жасау мақсатында өткізіліп отыр.
Отырыстың күн тәртібінде 2004 жылғы 7 шілдедегі «Республикамыздағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңын жетілдіру мәселелері мен «2011-2020 жылдарға арналған ҚР-ның Білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасының» жобасы қарастырылды.
Қазақстан Жастар одағының Төрағасы Әсет Тұрдығұлов 2004 жылғы жастар саясаты туралы заң сол уақытқа сәйкес болғандығын, дегенімен уақыт өте келе бұл нормативті құжат толықтыру мен өзгертуді қажет етіп отырғандығын жеткізді. «Соңғы өткен 6 жылдың ішінде осы заңға қатысты өте көп ұсыныстар мен толықтырулар жасалынды. Тіптен 2008 жылы Парламенттік тыңдалым өткізіліп, көптеген ұсыныстар айтылды, бірақ одан бергі уақытта үлкен қозғалысты өкінішке орай байқай алмай отырмыз», дейді Ә. Тұрдығұлов. Ол осы заңды зерттеу барысында 1991 жылғы Қазақ ССР кезінде қабылданған мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға үңіліп, сол заңмен қазіргі заңды салыстырғандағы ерекшеліктерге тоқталып өтті. «Онда қазіргі заңдайғыдай жастарға мынандай көмектер көрсетілу керек деп жазылмаған, жастарға шын мәнінде қажетті көмекетер нақты жазылған. Мысалы жастардың әлеуметтік және экономикалық құқықтары, мәдениет, ғылым мен техника саласында жеңілдіктер көрсетілген, сонымен қатар спорт сауықтыру кешендеріне баратын жастарға 50 пайызға дейінгі жеңілдіктер қарастырылса, ерлі-зайыпты 35 жасқа дейінгі жастарға ұзақ мерзімді несие беру көрсетілген», деп атап өтті Жастар одағының Төрағасы.
Сондай-ақ ол жастардың жеңілдік мүмкіндіктерін 35 жасқа дейін көтеру қажеттігін айтып өтті. Яғни қазіргі аталып жүрген 29 жас мөлшерін 35-ке ұзарту керектігін жеткізді. «Жастардың жасын 35-ке дейін көтеру арқылы жас отбасы ұғымын бөлек институт ретінде қарастыру қажет. 2015 жылға дейін мемлекетіміздің демографиясын көтеру алға қойылған, міне осы көрсеткіштерге тез жету үшін жас отбасыларға міндетті түрде мемлекеттің қамқорлығы қажет», дейді Ә. Тұрдығұлов. Оның айтуынша жас отбасыларға арнайы несие беріліп, бірінші бала туылған жағдайда несиенің алғашқы 20 пайызы өтеліп, 2-ші бала туған жағдайда келесі 20 пайызы өтеліп отыруы керек. Бұл бір жағынан жас азаматтарды баспанамен қамтамасыз етсе, екіншіден демографиячлық мәселенің шешілуіне бағытталады.
Ә. Тұрдығұлов сонымен бірге үкіметтік және үкіметтік емес жұмыс беруші мекемелер үшін жас мамандарға арналған квота болу керектігін және оны міндетті түрде міндеттеу керектігін айтып өтті.
Жиынға Кеңес сарапшылары ретінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, Алматы қаласы Мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары және жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.