Жастарға теріс әдет үйрететін жабайы жарнаманы тиятын уақыт жетті - Қ. Уәли

АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жастарға теріс әдет үйрететін жабайы жарнаманы тиятын уақыт жетті. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Құрманғали Уәліи осылай мәлім етті.

Жастарға теріс әдет үйрететін жабайы жарнаманы тиятын уақыт жетті  - Қ. Уәли

Депутаттың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының былтырғы мәліметі бойынша, Қазақстан ішімдік ішуден әлемде 8 орынға шығыпты. Ал наркологтар соңғы үш жылда маскүнемдікке бой ұрған балалардың саны 10 есеге артқанын айтады. Мамандардың сөзіне қарағанда, елімізде спиртті ішімдікке әуестігі орта есеппен 10-15 жаста басталады екен.

«Балалардың арасында маскүнемдік жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл ащы шындық. Осы жаман әдетке итермелейтін, олардың азғындауына жол ашатын бірден-бір нәрсенің бастысы, бәрімізге белгілі бәле, құйтұрқы жарнама. Алкогольсіз сыра деп көбігін көпіртіп, әсерлеп, адам қызығатындай етіп көрсеткен үлкен қалалардағы билбордтар, телеарналардағы шағын жарнамалардан көзің сүрінеді. Ал осыдан балалардың ішімдікке деген құмарлығы, алғашқы қадамы алкогольсіз сырадан бастау аларына шүбә келтіре алмаймыз. Сол көзді арбаған «алкогольсіз» сыраның дәмі нағыз сырамен бірдей, ал алкоголь мөлшері 0,5 пайызды құрайды екен. Дәміне дәндеген бала, ары қарай нағыз сыраны да жиіркенбей ішуге кіріседі де, санасында ішімдіктің ізі өшпестей орын алары сөзсіз», -деді депутат Құрманғали Уәли.

Сонымен қоса, бүгінгі күні ұлтының келешегін ойлаған мемлекеттер жайсыз жарнамаларға тыйым салып жатқанын айтып, жарнаманың керісінше салауатты өмірге шақыру тұрғысынан жасалуы қажеттігін атап өтті.

«Жанымызға бататын жабайы жарнаманы тізгіндейтін уақыт жеткен сияқты. Сан дәуірден ұлы даланы ойқастаған көшпелі ата-баба ұрпақтары, шүкір, өркениетті заманға жетті, тәуелсіздік алғанымызға 20 жылға жақындады. Енді көшпелі тарихымыздан сыр шертетін, қаладағы әрбір ілінген бильборд немесе шағын жарнама ең алдымен, тәрбиелік мәні мен мағынасы бар, көрсе көз тоятын жарнаманы көбейтіп, бей әдепті, жаман әрекетті уағыздайтын, көшелеріміздің, даңғылдарымыздың сиқын қашыратын, жастардың санасын улайтын көз сүрінетін жарнамадан құтылу керек», -деді ол.