«Жасыл ауыл» атанған Арнасайда 30-дан астам халықаралық жоба жүзеге асырылды - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Аршалы ауданындағы «Жасыл ауыл» атанған Арнасай ауылында 30-дан астам халықаралық жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«Жасыл ауыл» атанған Арнасайда 30-дан астам халықаралық жоба жүзеге асырылды - Ақмола облысы

Астанадан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Арнасай елді мекені соңғы кездері «жасыл ауыл» атанып жүр. Ауылдағы орта мектеп жанынан ашылған жасыл технологиялардың халықтық академиясында  жергілікті оқушыларына жасыл технологияны қолдану әдісі үйретілуде. Академия жылыжайында көкөністер мен жеміс-жидектерді өсіруде экологиялық таза әрі үнемді технологияларды кеңінен қолданылады. Олардың ішінде осы күні күн коллекторлары, биогумус, гелеосорғыш, пиролизді пеш, диодты жарық, сенсорлық шүмектер, ауа ионизаторы, фитожылыжай, тұман түсіру технологиясы тәрізді 33 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалар су мен жарыққа кететін электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Алынған өнім делдалсыз Астана қаласында сатылуда. Ауылдағы орта мектептің оқушылары жобаларға белсенді қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісуде.

«Мен 13 жасымда диодты жарық жобасы бойынша 1000 АҚШ доллары көлемінде грант ұтып алдым. Алғаш рет бұл жобамен элективті курста таныстым. Содан бері оны терең зерттеп, қазір осы салаға маманданып алдым. ЭКСПО-2017 көрмесінде осы жобаны ұсынуды жоспарлап отырмыз», дейді Вячеславка орта мектебінің оқушысы Александр Барткевич.

Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 қарсаңында Арнасай ауылында жылына 60 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Тұрмыстық қалдықтар аудандағы ауылдар мен Астана қаласынан жеткізілетін болады. Қоқыс сұрыпталады жəне терең өңделеді. Қазіргі кезде зауытты салу үшін жер телімі анықталып, германиялық инвесторлармен əріптестік туралы меморандумға қол қойылып, нысанның алғашқы қазығы қағылып отыр.