Жасыл белдеуді зиянкес жәндіктерден қорғау химиялық емес, ғылыми жолға қойылуы тиіс

АСТАНА. 4 тамыз. ҚазАқпарат - Пестицидтерді шамадан артық қолдану жануарлар мен өсімдік әлемінің жұтаң тартуына қауіп келтіріп жатыр. «Табиғат әлемі» экологиялық-ағарту орталығының таратқан хабарламасында осылай делінген.

Жасыл белдеуді зиянкес жәндіктерден қорғау химиялық емес, ғылыми жолға қойылуы тиіс

«Орманды алқаптарда зиянкес жәндіктермен күресуде, көбіне, пестицидтер қолданылады. Химиялық өңдеудің басты ұтар тұсы - зиянкестерді жою нәтижесінің бірден көзге көрінуінде. Бұл ретте, мұндай амалдың соңғы уақытта кең пайдаланылуы ғалымдарды алаңдатуда. Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу инсти­туты ғалымдарының пайымдауынша, дәріні шашқан кезде су, топырақ, ауа ластанады. Тұрғындардың түрлі ісік және аллергия­лық, белсіздік ауруларына шалдығуы да - осы пестицид қалдықтарының адам ағзасында жинақталуынан орын алынан. Жиі және ойластырыл­май жүргізілген өңдеудің мұндай түрі зиянды жәндіктердің инсектицидтерге деген бейімділігін арттыра­ды. Соның салдарынан қураған ағаш зиянкестердің шабуылына төзімсіз болып қалады», - делінген хабарламада.

Онда атап көрсетілгеніндей, жасыл желек ауруларына қарсы күрес биологиялық амалды қолдану арқылы іске асқаны абзал. Зиянды организмдерден орман қор­ғау шара­лары барысында химиялық өң­деу­­ден бас­қа, ғылыми негізі де болуы керек. Осы ретте, ағаштардың орман патологиялық мониторингі, зиян­кес­тердің жеке түрі санының мониторингі мен болжамы кіретін карантиндік және қорғаныш шара­лардың толық жүйесі жүргізіліп отыруы тиіс.

Айта кетейік, «Табиғат әлемі» экологиялық-ағарту орталығы Қызылорда, Павлодар және Шығыс-Қазақстан облыстарының орман шаруашылығы саласындағы қызметкерлеріне арнап біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырған. Мұндағы басты мақсат - сала мамандарына орман зиянкестері мен жасыл желекте кездесетін ауруларға қатысты мол мағлұмат беріп, осы мәселелердің алдын алуға баулу.

Орманды алқапта зиянкес жәндіктермен күресудің алдын алу шараларын жүргізуге білікті кадр жетіспеушілігі де тосқауыл болуда. Сол себептен, оқыту курстарын жүргізген ұстаздар Н. Ж. Ашықбаев пен Н. С. Мұхамадиев қатысушыларға салаға қатысты мағлұматты кең көлемде беруге тырысып бақты. Семинар барысында қатысушылар дәріс сабақтарына қатысумен қатар, дала жұмыстарында зиянкес жәндіктерді анықтау және оларды жою жолдарын үйренді. Курс соңында әр қатысушы жобалық жұмыс жазып өз аумақтарында кездесетін зиянкестермен күресудің амалдарын пысықтады. Мәселен, «Ертіс орманы» және «Семей орманы» резерватының мамандары қарағайлы алқаптарда кездесетін проблемаларды талқыға салса, қызылордалықтар сексеуіл орманындағы мәселелерді алға тартты.

Сәтті қорғалған жұмыс авторларына сертификаттар табыс етілді. Қатысушылар алған білімдерін күнделікті жұмыстарында пайдаланбақ.

Айта кетері, оқыту семинарлары Дүниежүзілік даму банкі мен Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бірлескен «Ормандарды сақтау және республиканың орманды жерлерін көбейту» жобасы шеңберінде жүзеге асты. Алдағы уақытта «Табиғат әлемі» экологиялық-ағарту орталығы ерекше қорғалатын аумақ қызметкерлеріне экотуризмді дамыту мәселелеріне қатысты оқыту семинарларын ұйымдастырмақ.