«Жасыл» дәліз қолданылатын сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тізімі кеңейтілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың наурызынан бастап «жасыл» дәліз қолданылатын сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тізімі кеңейтілді. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің басқарма басшысы Элдар Мамлин мәлім етті.

«Жасыл» дәліз қолданылатын сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тізімі кеңейтілді

Оның айтуынша, тәуекелдерді басқару жүйесі аясында кедендік бақылау формасын қолдануды сараландыру мүмкіндігі қарастырылады.

«Тәуекелдерді басқару жүйесінің әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған тетіктерінің бірі сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды санаттарға бөлу болып табылады. Бұрнағы жылдары «жасыл» дәліз қағидаттары «Өкілетті экономикалық операторлар», «Ірі тауар өндірушілер» секілді сыртқы экономикалық қызметке қатысушы санаттарына ғана қолданылатын еді. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап кедендік рәсімдеу барысында «жасыл» дәліз қолданылатын тізім адал салық төлеушілерге қатысты қайта қаралды. Осыған орай, бүгінгі таңда бұл санаттағылар тізімі кеңейді, оның ішінде ол тізімге мониторингте тұрған ірі салық төлеушілер еніп отыр», - деді Э. Мамлин.

Оның айтуынша, аталған шара кедендік бақылау барысындағы тәуекелдерді бағалау бойынша жаһандық міндеттерді жүзеге асырудың бірінші кезең болып отыр.