«Жасыл экономика» жобаларын қаржыландыратын венчурлық қор құрылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2014 жылы «жасыл экономика» жобаларын қаржыландыратын венчурлық қор құрылады. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
Бірлескен кәсіпорындар құру, соның ішінде шетелден инвестиция тарту мәселесіне тоқталған Қ.Бишімбаев қазіргі уақытта Ислам даму корпорациясымен келісім жасалғанын атап өтті.
«Бұл қор 2014 жылы құрылады. Қазіргі уақытта қордың бастапқы сомасы шамамен 50 млн. долларды құрайтын болады», - дейді Қ.Бишімбаев. «Оның айтуынша, демеушілер ретінде Технологиялық даму ұлттық агенттігі, жекеменшік компаниялар тобы және Ислам даму корпорациясы қатысады.
«Қор дәстүрлі қаржыландырудан бөлек исламдық қаржыландырудың элементтерін қамтымақ. Бірінші кезеңде елімізде «жасыл экономика» жобаларына 50 млн. доллар жұмсалады. Бірінші кезең сәтті өтсе, кейін 100 млн. долларға дейін артуы мүмкін», - деді холдинг басшысы.