«Жасыл» экономикаға жол ашық» - баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Елдік мерекелер - Елбасы еңбегінің ерен көрінісі» деген тақырыппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен арадағы сұхбат берілген. «Биылғы жыл еліміз үшін мерейлі белестер мен мерекелі тойлардың тоғысқан кезеңіне айналғалы отыр. Елдіктің осынау торқалы тойларын ел болып абыроймен өткізіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясатының арқасында шырқау биікке өрлеген Қазақ елінің татулықтың нағыз талбесігі, тұрақтылықтың берік тұғыры екенін әлемге дәлелдеу бәрімізге сын мен міндет.
Елбасының ұйғарымына орай, биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын және Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуді өзара үйлесімді байланыста жүзеге асыруды ұсынып отырмыз. Өйткені, аталған айтулы даталардың барлығы бізді бүгінгідей дербестікке жетуге жетелеген, ықпал еткен, дара жол ашқан ұлтымыздың әр кезеңіндегі, әр белесіндегі тағылымды тарихы, ортақ шежіресі. Сондықтан, бұл қасиетті белестерді бөле-жара қастерлеп, дербес атап өтуімізге ешқандай негіз жоқ», - дейді Мемлекеттік хатшы.
Бас бысылымда «Алаяқтық» атты мақала басылды. «Бұдан бұрынырақта Ақтөбеде қолжетімді пәтер әперемін деп аңқаулардың аузын аңқайтып кетіп, қаржысын олжалап, бермей кеткендер ұсталып, жазасын алған-ды. Енді әккі қулар алаяқтықтың «форматын» жетілдіре бастапты. Ақтөбе қаласында түрлі себептермен тұрғындардың сеніміне кіріп, алдау жолымен өзгелердің тиесілі заттарын иемденіп кету тағы да белең ала бастады. Жаңа жыл басталғалы ғана қала аумағында осындай алаяқтықтың 4 дерегі тіркеліп, абырой болғанда бұл қылмыстардың барлығы да ашылды. Таяуда кезекші бөлімге 46 жастағы қала тұрғыны шағымданып, 2013 жылғы 4 қыркүйекте 36 жастағы бейтаныс әйел ұлын емдеу үшін алдау жолымен 450 мың теңгесін алып кеткенін хабарлаған. Адам басына түскен ауыртпалықты бас пайдасына жаратуға бел буған алаяқ әйел ұзаққа бармады, күдіктіні криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қолға түсірді. Ұлының сауығуы үшін жанын беруге бар ананың әлсіз буынынан ұстаған алаяқ әйелдің обал-сауапты ұмытқан жан екені айтпаса да түсінікті», - деп жазады мақала авторы.
«Егемен Қазақстан» газетінде «Жасыл» экономикаға жол ашық» атты мақала жарияланды. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Жасыл» экономика үшін және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов брифинг өткізді. Онда коалицияның атқарып жатқан жұмыстары сөз болды.
Спикердің сөзіне қарағанда, биылғы жылы Астанаға іргелес Аршалы ауданына қарасты Арнасай ауылында «Арнасай - жасыл алқап» жобасы жүзеге асырылады екен. Аталған алқапта еліміздегі ең үздік әрі тиімді, оған қоса қолжетімді жасыл технологиялар шоғырландырылып, жинақталатын көрінеді. «Бүгінде жасыл технологиялар шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы күнге дейін олар Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында әлеуметтік нысандарда бірталай жасыл жобаларды жүзеге асырды», деді А.Сүлейменов.
Коалиция директорының сөзіне қарағанда, енді осынау озық жобаларды біртіндеп бизнеске ендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Осы сұрақтар төңірегінде жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының басшыларымен кездестік. Сөйтіп, елордадан 35 шақырым жерде Арнасай демоалаңын құруға келістік. Осы жерде жасыл технологиялардың ең үздіктері жинақталады деп күтілуде», - деп сөзін жалғады ол.
***
«Время» газетінің жазуынша, Астанада пара алды деп айыпталып отырған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы басшысы Мұрат Оспановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот жалғасуда. Басылым мәліметіне қарағанда, кеше куәгерлер 200 мың доллар қайдан пайда болғанын және айыпкер бұл қаржыны қандай мақсатқа жұмсағысы келгенді жайында айтып берді. Ол қызының тұрмысқа шығуына байланысты аталған қаржыдан ұзату тойын жасамақшы болған. Сот отырысында көтерілген деректер жайында " Пышные проводы - горькие слёзы" атты мақалада толық берілген. Айта кетейік, М. Оспанов ісіне қатысты сот процесі өткен жылдың 11 қарашасынан жалғасып келеді.
***
«Экспресс-К» басылымының соңғы санында «Киборги наступают» деген мақала жарияланды. Өскеменде киберспорттан турнир өткен көрінеді. Бес күнге жалғасқан жарыста клавиатуралар көмегімен Өскемен мен Семейдің бірнеше командалары сайысқа түсті. Қатысушылардың сөзіне қарағанда, бүгінде киберспорт компьютерлік ойын ғана емес, сонымен қатар көптеген дамыған елдерде мойындалған спорттың түрі. Айта кетейік, қазіргі кезде киберспортқа мойын бұрған жастардың саны артып келеді.