Жасыл ел жобасы: Алматыда жаз айларында 2 мыңнан астам жас жұмысқа орналасады

None
Фото: gov.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мегаполистің «Жасыл ел» жасағы қатарындағы белсенділер саны жыл сайын артып келеді. Былтыр уақытша маусымдық жұмыспен 14 пен 35 жас аралығындағы 1 900 жас қамтылды. Бұл туралы «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Зухра Иманбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, «Жасыл ел» – мектеп оқушылары, студент және жұмыссыз жастарды маусымдық жұмысқа орналастыруға, республика бойынша орман алқаптарын құруға, сол арқылы Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жоба. Ол Алматы қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жүзеге асырылады.

«Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» бекітілді. Оның басты көрсеткіштерінің бірі – жыл сайын кемінде 10 000 жасты жұмыспен қамту көзделген», - деді Зухра Иманбаева өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында.

«Жасыл ел» жобасының экосақшысы Мұратхан Тауасардың айтуынша, «Жасыл ел» жасағындағылар қаланы көгалдандырудан бөлек, экологиялық семинарлар мен тренингтерге, қалалық және республикалық сенбіліктер мен балалар үйі, қарттар үйі, ардагерлер үйлеріндегі эко акцияларға белсенді қатысады.

«Жобаның оған қатысушылар үшін берер артықшылықтары мол. Жастар бір-бірімен танысып, қаланың дамуына үлестерін қосады», - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, жасақта эко патрульдер құрылады, олар қала аумағында рейдтер жүргізіп, экологиялық заңбұзушылық фактілерін анықтайды.

Биыл «Жасыл ел» жобасы бойынша 2 мыңнан астам жас жұмысқа орналасады.


Соңғы жаңалықтар
telegram