«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қашан қабылданады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы осы жылдың 1 шілдесіне қарай қабылданады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қашан қабылданады

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 7 негізгі бөлімнен тұрады: су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, елді көгалдандыру, энергия тиімділігі, экологиялық білім және экологиялық мәдениетті арттыру. Бұл ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қала - Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, 2025 жылға қарай сарқынды суларды ағызу көлемін төмендетуге қол жеткізуді, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ағымдағы 18 пайыздан 35 пайызға дейін арттыруды, сондай-ақ елдің жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығын азайту жоспарланған.

«Екі ұлттық жобаны әзірлеу және бекіту жұмыстары осы жылдың бірінші шілдесіне қарай аяқталады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.