«Жасылтөбе» заставасы маңында заңсыз тиелген тауарды алып өтпек болған азамат ұсталды
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қордай шекара отрядына қарасты «Жасылтөбе» заставасынан 7 шақырым жерде заңсыз түрде халық тұтынатын тауарлар тиелген «Митцубиси Паджеро» автокөлігі ұсталды.
«Нақтырақ айтқанда, машинада жалпы салмағы 300 келі болатын балалар заттары анықталды. Ал жүргізушінің өзі шекарашыларды көрісімен қырғыз аумағына қарай қашып, көзден таса болды.
Осы бөлімшенің күшімен аталған заставадан үш шақырымдай жерде 1994 жылы туылған Нартай есімді отандасымыз ұсталды», - делінген ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, шекара бұзушы азамат қырғыз жағынан бері қарай салмағы 230 келідей болатын құс етін өткізіп алуға талпынды.
Аталған деректер бойынша Гвардия гарнизонының құқыққорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде.