Жасым жүзден асса да, сайлауға өз аяғыммен барғым келеді - Р.Манасбаева

АЛМАТЫ. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Алматылық ұзақ жасаған ана Рыстай Манасбаева егде жасына қарамастан 3 сәуір күні ҚР Президенті сайлауына өз аяғымен барып дауыс бергісі келеді.

Жасым жүзден асса да, сайлауға өз аяғыммен барғым келеді -  Р.Манасбаева

Манасбаева Рыстай 1909 жылдың 1 қаңтарында дүниге келген. Ол - еңбек ардагері, тың жерді игерген алғашқы тракторшы әйелдердің бірі. Бір ұл мен бір қыздан тараған, 30-дан астам немере, шөбере мен шөпшектің ортасында отыр. Өз елінің патриоты болғандықтан, Рыстай апамыз сайлау күні № 121 жалпы білім беретін мектепте орналасқан № 130 сайлау учаскесіне өзі барып, қалаған кандидатына дауыс бермек.

Алматы қаласының Әуезов ауданында 300 мыңнан аса адам тұрады. Оның 36 мыңнан астамы зейнеткерлер. Сонымен қатар, Әуезов ауданында ұзақ ғұмыр сүрушілер саны - 5 мыңға жуық. Оның ішінде 90 жастан асқандар саны - екі жүзден асады және 16 адам жүзден асқан.

Аудан әкімшілігінің айтуынша, олар қариялардың жақсы өмір сүруі үшін өз тараптарынан бәрін жасап отыр. Ал, сайлау күні сайлауға өздері келе алмайтын қариялардың үйіне комиссия мүшелері сайлау бюллетендерін салатын арнайы жәшікті апартын болады.