Жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар қысқартылады - ҚР ДСӘДМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қысқартылады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.
«Зейнетақымен қамсыздандыру үшін базалық зейнетақыны жетілдіру шеңберінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бұлайша тағайындау тәртібі өзгереді. Бұл ретте жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар қысқартылады. Бүгінгі күні оның мөлшері базалық зейнетақы мөлшеріне тең», - дейді С.Жақыпова.
Оның айтуынша, базалық зейнетақы азаматтарға жалпы белгіленген зейнетақы жасына (әйелдер үшін 58-63 жас, ерлер үшін - 63 жас) жеткен кезде ғана, зейнетақы өтіліне байланысты тағайындалатын болады.
Түйіндей айтсақ, 2017 жылғы 1 шілдеге дейін зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлер үшін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақыға біржолғы қайта есептеу жүргізілетін болады. Ал одан кейін зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл болған жағдайда, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайтын болады.
«10 жылдан артық әрбір жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылып отырады. Қатысу өтілі 35 және одан көп болған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем зейнеткерлер үшін төлемнің мөлшері базалық зейнетақының қазіргі мөлшерінен төмен болмайды», - деді вице-министр.