Жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге тек дәстүрлі ислам ғана қарсы тұра алады - ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы

АЛМАТЫ. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, бөтен идеологияның жетегінде кетуге тек дәстүрлі ислам ғана қарсы тұра алады.

Жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге тек дәстүрлі ислам ғана қарсы тұра алады - ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы

Бұл туралы ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф бүгін Алматыда «Әйел және дін» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық форумда айтты.

«Бүгінде қоғамның назары хиджаб мәселесіне жиі аударылуда. Қазақстандық қоғам үшін қауіп хиджабтың өзінде емес. Мәселе қазақтар үшін жат мәдениет пен идеологияның енуіне түрткі болатын, қазақы қалпымыздан, ұлттық менталитетімізден, береке-бірлігімізден айыруға алғышарт жасайтын діндарлық формасының өзгеру қаупінде болып тұр», - дейді Қайрат Лама Шариф. Оның айтуынша, өткен тарихымызға көз жүгіртетін болсақ, қазақ халқында әйелдер күнделікті өмірде жүзін жауып жүрмеген, өзгелерден оқшауланып немесе ерлерінің рұқсатынсыз басқалармен сөйлесу құқығынан айырылып көрген емес. Қазақтың бай сөздік қорында «хиджаб» деген ұғым мүлде жоқ. Біздің ата-бабамыз «хиджаб» сөзін әйелдер киіміне қатысты қолданбаған.

Ұлттың дүниетанымы оның дәстүрімен сабақтасып жатады. Сондықтан «дәстүрлі дін» ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дін ғана танылады. Қазақстанда қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, түрік, күрд, тәжік, қырғыздардың барлығының ата діні - ханафи мазхабындағы ислам. Себебі, ислам ұлттық дәстүрлермен тығыз астасқан. Бұл орайда әр ұлт өзінің ата дінін, дәстүрлі мазхабын ұстанғанда ғана тұтастығын, бірлігін сақтап қала алады.