«Жат мереке жанға батады» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің деректеріне қарағанда, елімізде соңғы 10 жылдың ішінде «А» вирустық гепатитімен сырқаттанушылар саны 4,6 есеге азайған. Үстіміздегі жылдың өткен 8 айында 2011 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қауіпті дерт жұқтырғандар 38,7 пайызға, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 49,8 пайызға төмендеді. Бұл ақпарат газетте «Алдын алудың нәтижесі » деген тақырыппен берілген.
«Қазақстан чемпионатының аяқталуына бір тур қалғанда Қарағандының «Шахтер» командасы осымен екінші рет қатарынан ел чемпионы атанды. Былтыр қарағандылықтар соңғы турға дейін Талдықорғанның «Жетісу» кұрамасымен иық теңестіріп, бәсекелесіп, соңғы сәтте ғана бас жүлдені жеңіп алса, биылғы маусымда өзінен кейінгі Павлодардың «Ертіс» клубын аттай бес ұпай артық жинап, чемпиондық атаққа ие болып отыр. Қазір «Шахтердің» еншісінде чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда, 25 ойыннан кейін 17 жеңіс, 2 тең ойын және 6 жеңіліс бар. Осылардың бәрін қосқанда команда 53 ұпайды иеленуде. Кеншілер соңғы үш ұпайды демалыс күндері өз алаңында Қызылорданың «Қайсар» командасын 3:0 есебімен жеңгеннен кейін иеленді. Ал оның соңынан келе жатқан «Ертісте» 25 турдан кейін 14 жеңіс, 6 тең ойын және 5 жеңіліс бар», - деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Атап айтқанда, футбол жайындағы мақала «Шахтер» - Қазақстан чемпионы» атты тақырыппен жарық көрді.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Прозаға тың құбылыс әкелген тұлға» атты мақала басты. «Күн сайын кезекті жиындар мен конференциялардан бір босамайтын елорданың еңселі залдарында елдің рухын қанаттандырып, санасына серпіліс әкелетін кештердің өтуі сирек. Өткен апта соңында Конгресс-холда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдіковтің мерейтойлық жиыны сондай олқылықтардың орнын толтырды десек, артық айтқандық емес. Қаламгердің 70 жасқа шығармашылық ізденістің тізгінін тартпастан, күш-қуатын кемелдендіре отырып келгені ақиқат. Әбдіковтің 1969 жылы әңгімелер жинағы топтастырылған «Көкжиек» кітабынан басталған әдебиеттегі сүрлеуі бүгінде даналығы мол даңғылға айналды. Тілі тереңнен, нәрі уыздан тартылған жазушыға оқырманның ыстық ықыласы мен айрықша құрметін кеш барысында тағы бір рет сезіндік...», деп жазады басылым.
Осы басылымының жазуынша, «Христиандардың діни мерекесі саналатын Хеллоуинді арнайы костюмдер киіп атап өтуге Америка мектептерінде тыйым салынды» деп хабарлайды CBS Seattle. АҚШ-та жыл сайын қазанның 31-і күні болатын Хеллоуинді атап өту үшін оқушылар жарты күнге босатылады. Биыл кейбір жерлерде ата-аналардың наразылығына қарамастан, «оқушыларға бұл мерекені атап өту міндетті емес», деген шешім шығарыпты, Сиэтл қаласындағы «Лафайет» мектебінің әкімшілігі. Мектеп әкімшілігінің мәлімдеуінше, оқушылар бұл діни мерекеге қатысу үшін арнайы костюм дайындайды. Оларды жарты күнге сабақтан босату керек. Бұл олардың оқуына кедергі жасайды. Кейбір ата-ананың пікірінше, тыйым салудың нақты себебі мұнда емес, Хеллоуинді мерекелеуді батыстық мәдениеттен аулақ болғысы келетін кейбір адамдар жақтырмайды.
Бүкіл әулиелер күні қарсаңында, қазанның 31-і күні атап өтілетін Хеллоуин - ежелгі Ирландия мен Шотландия кельттерінің дәстүрлі мерекесі. Римдегі католиктер оны христиандыққа қатысы бар
діни мейрам ретінде қабылдайды. Сонымен қатар кейбір христиандар Хеллоуинді пұтқа табынудан қалған немесе оккультизм бағытындағы, христиандық идеалдарға қарсы деген пікірде. Бұл жайында «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Жат мереке жанға батады» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«ДСҰ-ға жеделдете кірмесек, ұлттық-экономикалық, стратегиялық тұрғыдан ұтыламыз» - Бұл пікірді «Алаш айнасы» газетіне арнайы сұхбат берген саясаттанушы Сайполла Сапанов айтады. Сарапшы, Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне байланысты Кедендік одақ аясында туындаған мәселелерді сөз етеді. Сондай-ақ Қазақстанның сауда ұйымына енуінен не күтуге болады және Еуразиялық одақ жайындағы түрлі сұрақтарға жауап береді.
Осы басылымдағы мақалада Қазақстанның жылқы шаруашылығы өзге елдерге тәуелді болып қалғанын баяндалады. Күні кеше Канаданың азық-түлік инспекциясының директоры Луиза Карьер Кеден одағы елдеріне жылқы етін тасымалдауға ықыласты екендіктерін жеткізді. Қазірде бұл ұсынысқа бірінші болып Қазақстан тарабының қызығушылық танытып отырғаны белгілі болды. Сол-ақ екен, еліміздегі біраз қауым: «Қазақтың дастарқанынан канадалық жылқы еті орын алса, өз өніміміз өгейсіп қалады» деп өрекпіп отыр.
Жалпы, дерекке жүгінсек, бүгінде біздің елімізде 1,5 млн бас жылқы бар. Жан басына шаққанда жылқы еті еліміздегі әрбір адамға 4 келі 300 грамнан тиеді. «2015 жылға дейін бұл көрсеткішті 9 келіге жеткізу жоспарда бар. Сондықтан келешекте біз арзан, әрі дәмді жылқы етімен ішкі нарықты толық қанағаттандырамыз десек, шет елден елімізге келетін ірі қара малының бағдарламасы одан әрі жүзеге асуы қажет», - деседі мамандар.