Жатақхана мәселесін 100% шешу үшін жекеменшік сектормен жұмыс істеуіміз керек - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап бере отырып, жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу жолдарын айтты.

«Біз жатақханадағы орын тапшылығын шешу үшін бірнеше шараларды қабылдадық. Біріншіден, жоғары оқу орны бос тұрған немесе толық болмаған хостел, қонақ үйлермен келісімшарт жасады. Олардан 10 айлық, яғни ұзақ мерзімге төлемақылары бір деңгейде келісілген келісімшарттар арқылы бірнеше мың төсек орынды алдық. Екіншіден, Индустрия және инфроқұрылымдық даму, Денсаулық сақтау министрлігімен келісіп, қазір студенттер тұрып жатқан жатақханалардың санитарлық нормаларына өзгеріс енгіздік. Мысалы, жатақханалардағы қоймалар, бос жатқан залдарды студенттер тұра алатындай етіп жасақтадық. Оның арқасында бірнеше мың жаңа орынды шығарып алдық», - деп жауап берді министр тілші сауалына.

Саясат Нұрбектің айтуынша, келер жылдан бастап жатақхана салу ісіне жеке мердігер компаниялар тартылады. Ол үшін құрылыс кәсіпорындарымен бірге жасалатын шарт талаптарына өзгеріс енгізілген.

«Үшінші әрі негізгі шара біздің министрліктің жанындағы Қаржы орталығы мердігер компаниялармен, құрылыс компанияларымен шарттарды жаңартты. Неге десеңіз, басында көп мердігер жатақахана құрылысына кірмеуге немесе бұрынғы шарттан бас тартуға тырысатын. Өйткені, оның мерзімі ұзақ еді – 8 жыл. Сонымен қатар, төлемері де жоғары емес. Бұл ретте 50-ден астам мердігер компаниямен кездесулер өткізіп, сол шарттарды олардың талаптарына ыңғайлап, осы айдың басында Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Келесі жылдан бастап осы мәселені түбегейлі шешу үшін құрылыс компанияларымен жұмыс істейміз. «Атамекен» ҰКП да бұған белсенді қатысты, яғни 100 пайыз бұл мәселені шешу үшін біз жекеменшік сектормен жұмыс істеуіміз керек. Үкіметтің өзінің толық шамасы да келмейді. Сонымен қатар, демографиялық өсім жылдан-жылға қарқын алып келе жатыр», - деді Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, бұл уақытқа дейін студенттік жатақхана салатын инвесторларға жеңілдік жасалатынын хабарлап едік.


Соңғы жаңалықтар