Жатақханадан берілген бөлмеде студенттің нақты тұратыны немесе тұрмайтыны тексеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Енді колледж жатақханаларындағы орындарға мониторинг жүргізілмек. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрінің бұйрық-жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Оператор жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты қамтылған орындарға мониторинг жасайды», - делінген бұйрық-жобасында.

Мәлім болғандай, бұл жатақханадағы орын тапшылығын қолдан жасаудың алдын алу мақсатында енгізіліп отыр. Яғни, қандай да бір студентке қағаз негізінде берілген бөлмеде іс жүзінде ешкім тұрмауы мүмкін. Сондықтан орындарға үнемі мониторинг жүргізіледі. Ол үшін қажетті ақпарат жатақханадағы турникеттер жүйесінен және білім алушыға қоңырау шалу арқылы алынады.

«Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерінің тиісті жатақханада тұруы туралы мәліметтерді алу бөлігінде адамдардың тиісті жатақханаға еркін өтуін (кіруін немесе шығуын) шектейтін құрылғымен интеграцияланған, операторға тиесілі «StudDom» ақпараттық жүйесінен мәліметтер алу жолымен жүзеге асырады. Оператор «StudDom» ақпараттық жүйесінде мұндай мәліметтер болмаған жағдайда жатақханада тұратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне қоңырау шалады», - деп жазылған құжатта.

Бұйрық-жобасы 23 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар