«Жатақханаға орналасу - оқуға түскеннен қиын»- республикалық басылымдарға шолу
***
«Алтай аспанын Абай рухы кернеді». Осы тақырыппен "Айқын" басылымының бүгінгі саны Өскеменде Абай ескерткіші ашылғаны туралы жазды. «Бүкіл Өскемен жұрты тайлы-тұяғымен қалмай, орталық алаңға жиналды. Көптен күткен қуаныш еді бұл. Лениннің келешекке қол созған ескерткішінің орнына ұлы хакім Абайды орнатқан аймақ басшысы осылай ұлағатты тірлік істеді», -дейді басылым.
«Алматыда «Жаңа өмір» шіркеуінен жапа шегіп, үй-күйсіз, ақша-қаражатсыз қалған бір топ азамат баспасөз мәслихатын өткізді. «Перспектива» ақпараттық-консультативті тобы» қоғамдық қорының қолдауымен өткізілген жиында дін атын жамылған бірлестік көсемдерінің қаржылық қылмыстары әшкереленді», - дейді осы басылым «Жаңа өмір» шіркеуінен жапа шеккендер» тақырыбымен берілген келесі мақалада құдайға емес, ақшаға табынғандар жайында.
Сондай-ақ «Айқын» «Жүректің көзі» айдарында «Әзір бізге «Айға шабудың» қажеті жоқ» деген тақырыппен кәсіпқой бокстан әлемнің экс-чемпионы Марат Мәзімбаевпен болған сұхбатын жариялап отыр.
***
«Соңғы жылдардың бедерінде қатарынан оза туған жеткіншектер көбейді. Бірі оларды ерекше қабілет иесіне санаса, бірі аномалиялық құбылыс ретінде таныды» - деп жазған «Нұр Астана» газетінің бүгінгі санындағы «Құбылыс» тақырыбымен берілген мақала ерекше қабілеттілік жайында сөз қозғайды.
«Қашанда гу-гу, ду-ду болып жататын жатақханадағы студенттердің өмірі өзінше «жыр». Ал қазір сол «гу-гу» мен «ду-дудың» ортасынан орын алу да оңайға түспейді». Алыс ауылдан келген студенттердің жатақханадан орын табу мәселесіне үңілген «Нұр Астана» газетіндегі келесі мақала «Жатақханаға орналасу - оқуға түскеннен қиын» деп аталыпты.
«Жеңіске жетсем, әлі талай билеймін»,- дейді АҚШ-тың кәсіпқой боксшысы Де Маркус Корлиос. Әйгілі боксшымен болған әңгімені «Нұр Астана» басылымының бүгінгі санындағы сұхбаттан оқи аласыздар.
***
«Казахстанкая правда» газеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевты, Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевты қабылдағанын хабарлады.
Павлодар облысының әкімі Елбасыға аймақта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар турасында, астық ору науқанының барысы, «жол картасын» орындау төңірегіндегі жұмыстарды баяндаған.
Ал «Литер» газеті Ж. Түймебаевты қабылдау барысында Елбасы білім беру сапасын көтеру мәселесіне назар аударғанын жазады. Газеттің хабарлауынша, министр осыған байланысты оқытушыларды тұрақты негізде аттестациялау жүргізілетінін айтқан.
Білім беру тақырыбын «Известия-Казахстан» газеті де жалғастырып, бүгінгі нөмірінде бірінші курстың үздіктеріне мемлекет оқуды тегін жалғастыру мүмкіндігін сыйлағанын хабарлайды. «Кеше Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев еліміздің 65 жоғары оқу орнының басшыларына қосымша білім гранттарын салтанатты түрде табыс етті. Қазақстанның мың жарымнан аса студенті оқу ақысынан босатылады», - дейді аталған басылым.
Олар тегін оқып қана қоймай, стипендия да алады және жылына екі рет үйлеріне барар-келер жол ақысын да мемлекет төлейтін болады. Бұл турасында «Литер», «Экспресс-К» және «Казахстанская правда» газеттері жазады.