Жатыр обыры: 114,4 мыңнан астам қыз папиллома вирусына қарсы екпе алды

АСТАНА. KAZINFORM –  Қазақстанда былтырдан бері 11 жасқа толған қыздар жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина алып жатыр.

 Өзіңді жатыр мойны обырынан қорғау: Адам папилломасына қарсы вакцинациялаудың маңызы
Фото: rk-ncph.kz

- Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұқпалы ауруларға қарсы тиімді вакциналар тізімін кеңейту стратегиясын қолдаймыз. Былтыр онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау енгізілді, - деді Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, былтыр қыркүйектен бері елімізде 11 жасқа толған қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы қыздарды вакциналау басталды.

- Бүгінде 114,4 мыңнан астам қыз бала адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе алды. Оның ішінде 11 жастағы 64,1 мың, 12-13 жастағы 50,3 мың қыз бар. Екпенің кері әсері байқалмады, - дейді ол.

Айта кетсек, елімізде адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның денсаулыққа әсері зерттеліп жатқаны туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар