Жаттығу полигонында Жеңіс мерекесінде елордада болатын отшашудың дайындықтары өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің бұйрығы бойынша, Астана қаласында мамырдың 7-сі және мамырдың 9-ы күндері артиллериялық залппен отшашу беріледі.
Отан Қорғаушы күнін және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын тойлауға дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар осыдан бір ай бұрын басталды. Қару-жарақтарды сайлау, сарбаздардың дайындығын демдеу жұмыстарының кәсібилігі бүгін бас дайындықта шыңдалды.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерінің зымыран әскері және артиллерияның қолбасшысы Ғиниатқали Шалабаев айтуынша, сценарий бойынша, отшашуға бір батарея және 1943 жылғы үлгідегі алты ЗИС-3 зеңбіректері қолданылады. Сонымен қатар 150 миллиметрлік арнайы отшашу қондырғылары іске қосылады.
«Мамырдың 7-сі күні Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 18 жыл толуына орай, 18 артиллериялық залп атылады. Ал мамырдың 9-ы күні Жеңістің 65 жылдығына арнап, 25 артиллериялық залп беріледі. Артиллериялық қарулардың қолданылуы - биылғы отшашудың ерекшелігі», дейді ол.