Жаттықтырушылар мен төрешілердің қызметін лицензиялау енгізіле ме
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаттықтырушылар мен төрешілердің қызметін лицензиялау қажет емес. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаттықтырушылар мен спорт төрешілері өз біліктілігін жаттықтырушылар мен спорт төрешілеріне аттестаттау жүргізу қағидасына сәйкес растайды. Заңға сәйкес жаттықтырушылар мен спорт төрешілерін аттестаттауды республикалық және өңірлік спорт түрлері бойынша аккредиттелген спорт федерациялары жүргізеді. Осыған орай жаттықтырушылар мен төрешілердің қызметін лицензиялау қажет емес деп ойлаймыз», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, салауатты өмір салтын дәріптеу және бұқаралық спортты дамыту - «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының негізгі мақсаттарының бірі.
2019-2021 жылдары елімізде дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың үлесі 30,6 пайыздан 34,2 пайызға өссе, 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізу көзделген.