Жатырдан тыс ұрықтандыру циклдарын тегін жүргізуге жылына 750 млн.-ға жуық теңге бөлу көзделіп отыр - вице-министр
ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2015 жылға қарай Қазақстанда жатырдан тыс ұрықтандыру процедураларын тегін жүргізуге жылына 747 млн. теңге бөлінетін болады.
Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Бедеулікті емдеудің қазіргі шешімдері. Қосалқы репродуктивті технологиялардың (ҚРТ) проблемалары» атты ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мәлім етті.
Вице-министр атап көрсеткендей, Қазақстанда демографиялық өсімінің оң үдерісіне қарамастан, бедеулік проблемасына баса назар аударылып отыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде некелердің 15 пайызға жуығы бедеулік проблемасын бастап өткеруде. Ал 6 млн.-нан астам халқы бар Қазақстан Республикасында бұл тауқыметпен кездесіп отырған 150 мыңға жуық ерлі-зайыпты бар. Олардың 6,5 мыңға жуығы жатырдан тыс ұрықтандыруды (ЭКО) қажет ететіндер.
Бүгінде Қазақстанда ҚРТ-ны жүзеге асыратын 10 орталық жұмыс істейді. Оның үшеуі - мемлекеттік. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің сөзіне қарағанда, орталықтардың саны ЭКО-ға зәру 6,5 мың ерлі-зайыптыны қамтуға толық жеткілікті. Проблема тек қаржыландыру мәселесінде. Себебі, бір науқасқа жасалатын ЭКО-ның бір әрекетіне 600-700 мың теңге қаржы жұмсалады. Аталмыш орталықтарда осы жылдар ішінде ҚРТ бағдарламасы бойынша 20 мыңға жуық ерлі-зайыпты емдеуден өтті. Нәтижесінде, көптен күткен 6 мыңға жуық сәби дүниеге келді.
Қазақстанда қосалқы репродуктивті технологиялар 1995 жылдан бастап пайдаланылып келеді. Елде эмбриондарды криоконсервациялау (пайдаланылмаған ұрықты болашаққа мұздатып қою), жыныстық клеткалардың донорлығы және сурогаттық ана бағдарламалары іске асырылуда.
2010 жылы мемлекетпен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің тізіміне ҚРТ бойынша қызметтер - жатырдан тыс ұрықтандыру (ЭКО) және эмбриондарды тасымалдау енгізілді. 2010 жылы мемлекеттің қаржысы есебінен жатырдан тыс ұрықтандыру әрекеттері 100 әйелге жасалды, нәтижесінде 22 нәресте дүниеге есігін ашты. Ал 2015 жылға қарай «Саламатты Қазақстан» ұлттық бағдарламасы шеңберінде ЭКО-ның көлемі жылына 750-ге дейін арттырылатын болады.
«2011 жылы мемлекеттік тапсырыс 2 мемлекеттік және 3 жекеменшік медициналық мекемеде орналастырылды. Біздің бүгінгі күнгі мақсатымыз, 2015 жылға қарай бір жылда 750 цикл жасау және қаржыландыруды 747 млн.-теңгеге жеткізу болып табылады», - деді Е.Байжүнісов.