«Жатжұрттан жұмыс күшін шақыратын болдық па?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 10-ы, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Өткен сенбіде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астаналық көрермендермен бірге "Сіз кімсіз, Ка мырза?" фильмін тамашалады. Президент кинотуындыға ризашылығын білдірді. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Жарасымды дәстүр жалғастығы» деген тақырыппен беріліпті. Мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы кино өнерінің тарланы Асанәлі Әшімовке қарата:"Мен бұрын да бірнеше рет айтқанмын, бүгін де қайталаймын. Жер бетіндегі әр қазақтың бір-ақ Отаны бар. Ол - Қазақстан. Сол Отанға қызмет ету - әрбір қазақтың абзал борышы болмақ. Сіздің фильм жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтін фильм болып шығыпты. Нашақорлық, наркобизнес - әлемді алаңдатып отырған проблема. Қазақстанның қауіпсіздік органдары бұл дертпен бітіспес күрес жүргізуде. Осы мәселе де фильмде тәп-тәуір көрініс тауыпты. Біз жастарды осы кеселмен күресуге үндеуіміз керек. Фильмде бандит атаулының барар жері ажал екені анық көрсетілген. Сондықтан жаңа туындының сәтті шығуымен құттықтаймын" деген сөзінен үзінді келтіріпті.
«Қазақстанда жыл сайын туабітті жүрек ақауымен 3 мыңға жуық сәби дүниеге келсе, олардың 10-15 пайызы ғана бір жасқа дейін өмір сүреді. Бүгінде 5 мыңға таяу сәби туабітті жүрек ақауын емдеу операциясын жасатуға кезекте тұр. Бүкіл өркениетті елдерде туабітті жүрек ақауы - балалардың өміріне шығарылған үкім емес»,- деп жазған «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала «Қазақстандық сәбилер емі бар аурулардан шетінемеуі керек!..» деген тақырыппен жарық көріпті. Мақалада еліміздегі қайырымдылық қорлары мен ұйымдардың басты мақсаты - осы мәселеге қоғамның, ең бастысы - мемлекеттің назарын аудару екендігі айтылады.
***
«Жатжұрттан жұмыс күшін шақыратын болдық па?». Осындай тақырыппен «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген мақала қазақ елінің индустриялық өрлеуіне халқымыздың аздығы қолбайлау болатындығын айтады. «Өкілетті органдар ұсынған еліміздегі жұмыс күшінің әлеуеті жөніндегі талдауларға үңілген бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Министрлер кабинетінің кешегі отырысында жатжұрттардан жұмыс қолын шақыруға арналған шекті кеңейту ұсынысын алып шығуға мәжбүр болды»,- дейді басылым.
«Айқын» газетінде жарық көрген келесі мақала «Жеті мыңнан астам адам КСРО паспортымен жүр» деген тақырыппен беріліпті. Аты айтып тұрғандай, мақалада Кеңес өкіметі кезіндегі қызыл төлқұжатты күні бүгінге дейін ұстап жүргендер бар екендігін, тек былтырғы жылы Әділет министрлігінің органдарына төлқұжатын ауыстыруға ниет білдіргендердің саны жеті мыңнан асқандығы жазылыпты.
Аталған басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарында «Алаш идеясы ешқашан өшпек емес...» деген тақырыппен жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбаймен болған сұхбат жарияланыпты. Сұхбатта жазушы «Алашорда» қайраткерлері туралы сөз қозғайды.
***
«Әдеттегі уақытынан 7 минутқа кешігіп басталған Үкіметтің кешегі отырысы тұп-тура 74 минутқа созылды. Осы аралықта маңызды деген төрт мәселе қаралып, алты баяндамашы ортаға шықты. Тек отырыс аяқталуға аз қалғанда күтпеген жерден Денсаулық министрі Жақсылық Досқалиев «таяқ жеп қала» жаздады»,- деп жазады «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі саны. Егжей-тегжейін газеттегі «Әкімнің «соққысы» министрге дарымады» деген тақырыппен берілгенмақаладан оқи аласыздар.
Бүгінде Қазақстанда 63 838 адам темір тордың арғы жағында отыр. Өткен жылмен салыстырғанда қамаудағы адам санының біршама артқаны байқалады. Тағы бір дерек, әрбір 100 мың адамға шаққанда абақтыда отырған адам саны бойынша Орталық Азия елдері арасында Қазақстан көш бастап келеді екен. Сондай-ақ түрмедегілер қатары шетелден қоныс аударған азаматтардың есебінен де толығуда. Бұл жерде «Өзге елдің бұрын қылмыс жасаған тұрғындарына Қазақстан азаматтығын беруге тыйым салу керек пе?» деген сауал туады. Бұған танымал адамдарымыз не дейді? «Алаш айнасы» газетіннің «Ой-көкпар» айдарында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Момышев пен экс-депутаты Серік Әбдірахманов аталған тақырып төңірегінде пікір таластырыпты.
«Алаш айнасы» басылымының тұрақты «ДАТ» айдарында бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі жер проблемасы жайында әңгіме қозғалып, Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасыӨмірзақ Өзібеков біраз жайттың бетін ашыпты. «Тіпті кейінгі жылдары, ауыл-аймақтарда жерді сатып алдым деген сылтаумен, ағайынның малын өрісінен айырып, қоршаудан ассаң, қуып-қорқытатын жағдайлар да қылаң беруде»,- дейді Өмірзақ Өзібеков газеттегі сұхбатында. Толығырақ «Егер жер пайдаға жаратылмаса, оны сот арқылы мемлекет еншісіне қайтару керек» деген тақырыппен берілген сұхбатқа назар аударыңыз.
Алдындағы асының адал болуын қалайтын ағайынға жағымды жаңалық: Бұдан былай харам менен халалды айыруға «доңыз тесті» көмектесетін болды. Қарапайым түрде осылай атаған дұрыс шығар. Себебі бұл шағын аспап алдыңда тұрған ішпек-жемек өнімінің құрамында доңызға қатысты не бар екенін бірден анықтап береді. Ғылыми жаңалықты жасағандар да отандық ғалымдар, басында жүрген жігіттер өзіміздің қаракөздер екен. Аталған басылымның бүгінгі санындағы «Асыңның адалдығын «доңыз тесті» тексереді» деген мақаланы оқуға асығыңыз.