«Жау жүрек мың балада» жоңғардың рөлін сомдаған түркиялық қазақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бахадыр Хәкім - Түркия қазақтарының арасынан шыққан актер. 2002 жылдан бері бірнеше фильм мен сериалдарға түскен, «ТРТ-Аваз» телеарнасында сегіз жыл бойы көрсетілген «Түркияның қазақтары» атты бағдарламаның продюсері. «Астана ақшамы» қандасымыздан алынған сұхбатты жария етті. «ҚазАқпарат» аталған сұхбатты ықшамдап, оқырман назарына ұсынады.

«Жау жүрек мың балада» жоңғардың рөлін сомдаған түркиялық қазақ

- Бахадыр, кино өне­ріне қалай келдің?

- Кездейсоқ. Ол кезде актерлік білі­мім жоқ еді, ешқандай кастингке де қатыспадым. Бір жерде танымал түрік режиссері Осман Сынавпен кездесіп қалдым. Өзі түсіріп жатқан сериалға шақырды. Осылайша кино өнеріне қадам бастым.

- Оған дейін немен айналысқан едің?

- Тері илеу - Ыстамбұл қазақтарының кәсібі. Біз де сонымен нәпақа айырып жүрдік.

- Отбасыңда өнерге ден қойғандар бар ма еді?

- Жоқ. Жалғыз анам - зейнеткер. Актерлікке бұрыннан қызығушы едім, інім екеуіміз бала кезімізде өзімізше көрген фильмдерімізді сала­тын­быз. Ал, Түркия қазақ­тарынан марқұм Мұстафа Өзтүрік пен әкесінің бір­неше фильмге түскенін білемін.

- Сені алғаш рет 2003 жылы, студент кезімде танымал фильмі «G.O.R.A-да» көрдім. Сол кезден бері ылғи қы­тай, жапондардың рөл­дерінде ойна й сың. Қашан «қазақ бо­ласың»?

- Иә, бірнеше фильм және сериалдарда шығыс азиялық тұрпаттағы рөлдер тиіп жүр. Атажұртымда түсірілген «Жау жүрек мың бала» фильмінде де жоңғар болып ойнадым.

Шамасы, өзім фильм түсіріп, өзіме-өзім қазақ рөлін беретін шығармын.

- Ондай жоспар бар ма?

- Алдағы жазда сондай бір істі қолға алу ойда бар. Қазір сценарийін жазып жатырмыз. Экшн-комедия болмақ.

- Сені Түркияда танымал қылған қай фильм?

- «G.O.R.A». Осы фильм­нен кейін кино өне­ріне біржола бет бұр­дым. Тіпті, кино саласын­дағы ізашарым болды десем, қателеспеймін.

- Arash-тың «Donya» әнінің клипіне қалай түстің?

- Ол клипте жапон ма­фия­сын ойнадым ғой. Түсілім жұмыстары Түр­кияда жүргізілді. Бұрын бірге жұмыс істеген топ түсірген еді. Көрермен ал­дында қалыптасқан қиық көз типажымды лайық көрсе керек, жігіттер мені сол ысқаяқ қудың образында ойнауға шақырды.

- Қазақстанға жиі келіп тұрасың ба?

- Кино саласында Қа­зақстанда да дос­тарым бар. Жиі болмағанмен, ара-тұра ат ізін салып тұрамын. Астана ұнайды, өте әдемі қала. Түр­кияда қолымнан келгенше Қа­зақстанды және қазақ­тар­ды жарнамалап жүрмін деп ойлаймын.

- Жақында еңбектерің үшін Түркияның бір уни­верситетінде арнаулы сыйлық алыпсың. Сол ту­ралы айта кетсең?

- Кыршехир қала­сын­дағы Ахи Эвран уни­вер­ситетінде Түркі әлемі қа­уым­дас­тығының «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жан­сейіт Түймебаев табыс етті.

- Сұхбатыңа рахмет, ойлағаның орындала берсін!

Сұхбаттасқан: Аршат ОРАЗОВ