«Жауапкершілік жүгі қашанда ауыр» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 қаңтар, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газеті атқарылған шаралар бойынша сауалға жауап алу үшін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Ертарғын Астаевты әңгімеге тартқан екен.

«Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін қажетті 59 заңнамалық акт қабылданған болса, соның ішінде 4-еуі Конституциялық заң, 3-еуі кодекс, 14-і дербес заң және қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін 38 заң. Бұл ретте, Парламент қарауына ұсынылған жалпы заңдардың 12-сіне депутаттар бастамашы болса, 47-сі Үкімет тарапынан әзірленгендігін айта кету керек. Заң жобаларын талқылау барысында Сенат депутаттары олардың сапалық және мазмұндық жағынан жетілдіруді қамтамасыз ететін 800-ден астам ескертпелерді ұсыныпты. Оның ішінде 600-ден астам түзету қабылданғаны тағы белгілі. Комитеттер жұмыс топтарындағы отырыстарында сенаторлар әртүрлі мемлекеттік органдардың заң жобаларын әзірлеушілермен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен өзге де үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, заңнаманы жетілдіруге барынша атсалысты. Талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған 7 заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындағандығын да қаперге сала кеткен жөн. Мәжіліс келісімін бергеннен кейін ол түзетулер қабылданды. Сөз реті келгенде, өзім мүшесі болып табылатын Қаржы және бюджет комитеті 10 заң жобасы бойынша жұмыс істегендігін де айта кеткен орынды», - дейді Ертарғын Кәкімбекұлы. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Жауапкершілік жүгі қашанда ауыр» атты сұхбатты оқыңыз.

Бас басылымда «40 автокөлік қар құрсауынан құтқарылды» деген материал жарияланды. «Ақтөбе өңірінде біраз жылдан бері ақ шұнақ аяз бен боран болмап еді. Мешін жылы табалдырықтан аттағалы бері «кәрі құдаң» қыс күшіне мініп тұр. Бірнеше тәулік бойы толассыз соққан боранның салдарынан облыс аумағы арқылы өтетін республикалық маңызға ие «Самара-Шымкент» тасжолының Белогорка ауылы тұсындағы 794-шақырымын (Ақтөбе қаласынан 40 шақырым қашықтықта) қалың қар басып, 40-қа тарта автокөлік жол бойында кептеліп қалды. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев аталған жол телімінде болып, жүргізіліп жатқан жолды қардан тазалау жұмыстарымен танысты»,-деп жазады газет.

Облыс әкімінің тапсырмасымен азаматтық қорғаныс күштері мен құралдары төтенше жағдай режіміне көшірілді. Тиісті қызметтер жолда қалған адамдар мен техниканы құтқаруға жұмылдырылып, жолдардың қар басып, көлік қозғалысына бөгет болған тұстарын аршып, тазалау жұмыстары жүргізілді.

Атап айтқанда, Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би, Хромтау және Мәртөк аудандары әкімдіктері боранда қалған жолаушыларды ыстық тамақпен қамту шараларын ұйымдастырды. Жаңа жылдың алғашқы үш тәулігінде барлығы 544 адамға тамақ жеткізілген. Олардың арасында балалар да бар.

Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде 213 адам құтқарылып, 571 адам басқа жерге көшірілген. Жолда құтқарылғандардың 351-і Өзбекстан Республикасының азаматтары.

«Ақтөбе-Атырау» бағытындағы жол қатынасы да қалпына келтіріліп, Қандыағаш қаласының тұсында жиналып қалған 200-ге тарта автокөлік сапарын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.

Ақтөбе қаласындағы №26 орта мектеп пен Мұхтар Арын атындағы Қарғалы орта мектебі ғимараттарында жолаушыларды орналастыру үшін жылыну пункттері ашылды. Мұндай жылыну пункттері Мәртөк және Әйтеке би аудандарында да жұмыс істеуде.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сәйкес, апаттық-құтқару жұмыстарына 371 адам, 273 бірлік техника тартылған. Бұл жұмыстарға облыстық төтенше жағдайлар және ішкі істер департаменттері мен «Қазавтожол» мекемесінің, әкімдіктердің қызметкерлері, сонымен қатар әскери бөлімшелер жауынгерлері мен «Тазалық» ЖШС мекемесі жұмылдырылған.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Ұлттық академиялық кітапханада ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деген тақырыпта иллюстрациялық кітап көрмесі ашылды. Келесі жылға дейін жалғасатын көрме қазақ мемлекеттілігінің көпғасырлық қалыптасу тарихын көрсетіп, Мәңгілік ел идеясы арқылы өскелең ұрпақтың адамгершілік тәрбиесіне ықпал етуді және тәуелсіздік жылдарында жарық көрген әдеби туындыларды жұрт назарына ұсынуды көздейді.

- 2016 жыл - біздің тарихымыз үшін өте маңызды жыл. Себебі, биыл тәуелсіз Қазақстан өзінің ширек ғасырын қарсы алады. Жалпы, 25 деген өте жақсы жас. Бұл кемелдену, толысу кезеңі. Күш- қуатыңның тасып, айбыныңның асқақтайтын сәті де осы уақыт. Біз жас мемлекет болсақ та, оңымыз бен солымызды таныған, қалыптасу кезеңінен өтіп, дамудың даңғылына түскен елміз. Біз Елбасының салиқалы саясатын темірқазық тұту арқылы өзімізді әлем қауымдастығына мойындатқан мемлекетпіз. Отанымыздың берекесі мен бірлігіне әрқайсымыз жауаптымыз. Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне атсалысу барлығымыздың абыройлы борышымыз, - деді көрменің ашылуында Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған. Бұл туралы «Жаңа жаһандық ахуалдағы Қазақстан» атты мақалада толық берілген.

Осы басылымда «Мұнай бағасы тағы түсуі мүмкін» деген материал басылды. Венесуэла мұнай министрі Эулохио дель Пино Telesur телеарнасына берген сұхбатында ел билігі барлық тәуелсіз өндірушілердің қатысуымен ОПЕК мұнай өндіруші картелі елдерінің кезектен тыс саммит өткізуіне бастама көтеріп отырғанын мәлімдеді.

- Президент Николас Мадуромен бірге біз ОПЕК көшбасшылары мен тәуелсіз өндірушілерді оятып, қаңтарда шұғыл кездесу өткізу қажеттігін үнемі естеріне салып отырмыз, - деді ол.

Дель Пино егер экспорттаушылар үйлестірілген осындай іс-қимылдан бас тартса, мұнай бағасы қазіргі деңгейдегіден 10 долларға құлдырап, баррелі 27 долларға дейін түсуі мүмкін деген пікірін жеткізді.

- Барлық өндірушілердің бірлескен іс-қимылы - бұл қажеттілік. Энергияның қайтарымсыз көздеріне әділетті бағаны қорғау керек, - деп атап өтті министр.

***

«Казахстанская правда» газетіне «Генератор будущего» атты мақала берілген. Талдықорғандық ғалымдар өсімдіктерден электр энергиясын алу бойынша бірегей жобаны жүзеге асыруда.

«Өткен жылдың ақпанында біз І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ғылыми зертханасында қазтамақ гүлінен электр энергиясын өндіретін биоплазмалық генератордың тәжірибелік үлгісі құрылғанын хабарлаған едік. Бастапқыда құрылғы 1 милливольт қуат берген еді, алайда болашағы бар бұл жоба аясындағы жұмыстар жалғасты. Осы орайда жақында ғалымдар студенттермен бірлесе тағы бір модульдік фитостансаны құрастырып, ол 20 вольт энергия өндіруде», - деп жазады мақала авторы.

Бұл шағын стансаны 10 гектар жерге орналастырған кезде, оның өнімділігі 200 вольтке дейін артады. Ал егер құрылғы 250 гектар аумаққа құрылса, 5 мың тұрғыны бар елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз етуге болады екен.

Соңғы жаңалықтар