Жауапкершілікті арттырудың бірден-бір жолы жазаның қатайтылуы -мәжілісмен Б. Смағұл
АЛМАТЫ. 17 шілде. ҚазАқпарат - Қоғамның дамуы жауапкершіліктің деңгейімен тығыз байланысты.
Бұл пікірін бүгін Алматыда ҚР ҰҚК Шекаралық қызмет академиясының оқушыларымен болған кездесу барысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл білдірді.
«Жауапкершілікті сезінбеу оған қолданылатын жазаның жеңілдігінен. Жаза қатал болса кез келген адам салғырттық пен немқұрайдылықтан арылып, одан тиыла бастайды. Ал ешқандай жауапкершілік болмаса және бұл үшін ешқандай жаза қолданылмаса ол үдей берейді. Бізде қазір қоғамның барлық саласында жауапкершілік кемшін түсіп жатыр. Сондықтан бұл жәйттар Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында жан-жақты сөз болып отыр», - дейді Б. Смағұл.
Мәжілісменнің айтуынша, қоғамның қарапайым мүшелеріне және олардың мүддесін қорғауға тиісті Үкімет мүшелері мен әкімдерге қолданылатын жазаның арасында үлкен айырма болу керек. Атқару органдарының өкілдері өз ісіне салғырттық танытса оған қолданылатын жаза қатаң болуы тиіс. Қазіргі жаза оны ауыздықтауға жеткіліксіз. Жемқорлық пен сыбайластық дертінің бір ұшығы осында жатыр.