Жәутіков олимпиадасында 8 жылдан бері қазақстандық оқушылар медаль саны бойынша көш бастауда
АЛМАТЫ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Халықаралық Жәутіков олимпиадасында О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының оқушылары өткен 8 жылда 20 алтын, 29 күміс, 56 қола медаль жеңіп алды.
Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға Қазақстаннан қатысып отырған 18 команданың төртеуі аталмыш білім ордасынан. Біреуі ел құрамасы, екеуі Алматы қаласының, алтауы Астана, Қарағанды, Қостанай, Өскемен, Павлодар қалалары мен Назарбаев зияткерлік мектебінің құрамалары. Бұдан бөлек Астанадағы "Зерде" дарынды балалар мектебі, Алматыдағы №171 лицей, Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейі, Талдықорғандағы №20 дарынды балаларға арналған арнайы лицей мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Капаров мектебі өз командаларын қосып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының оқушылары Жәутіков олимпиадасындағы медальдарының жалпы саны жағынан бірінші болғанымен сапасы жағынан екінші орында тұр. Бірінші орында Мәскеу қаласының СУНЦ командасы келе жатыр. Олар сегіз жылда 22 алтын, 15 күміс, 7 қола медалдың иегері атанған.
Биыл бұл додаға қатысып отырған 53 команданы 18-і Қазақстаннан, 8-і Ресейден, алтауы Моңғолиядан, Грузия мен Тәжікстаннан төрт-төрттен, үшеуі Қырғызстаннан, Әзірбайжан, Индонезия, Түрікменстаннан екі-екіден, біреуі Румыниядан. Ал 348 оқушының 223-і Қазақстаннан, 125-і өзге шет елдерден келіп отыр.