Жауынгерлік дайындықтың сапасына барынша көңіл бөлуіміз керек - ҚР Қорғаныс министрі

  АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - Гвардейск гарнизонында Қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі алқасының көшпелі отырысы болып өтті.

Жауынгерлік дайындықтың сапасына барынша көңіл бөлуіміз керек - ҚР Қорғаныс министрі

Аталған министрліктің мәліметінше, күн тәртібіне сәйкес Қарулы Күштердің 2012 жылғы қызметінің қорытындысы шығарылып, әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жай-күйі, жауынгерлік әзірліктің сапасын көтеру, сондай-ақ армия басшылық құрамының әскери тәртіп пен құқықты қамтамасыз ету бойынша жұмысы қаралды.

   Алқа отырысын ашқан Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков: «Біздің басты тапсырмаларымыздың бірі әскерлердің жауынгерлік әзірлігінің сапа көрсеткішін арттырып, кәсіби әскери басқару корпусын құру, сондай-ақ қатер төндіретін кез келген қауіп-қатерлерге сауатты жауап беру болып табылады»,- деп атап өтті.

 Жалпы ағымдағы жыл үздіксіз жауынгерлік әзірлікті жетілдіру және  әскери жаттығуларды өткізу шараларына толы болды. Оның барлығы жаңа Әскери доктрина ережелерінің талаптарына сәйкес, келісіліп бекітілген Қарулы Күштерді қолдану Жоспары аясында жүргізілді. Басты жұмыстар  жеке құрамның дайындығын жетілдіре түсуге арналып «Қарулы Күштердің құрылғанына 20 жыл толуына - Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің ерен еңбегіміз!» атты ұранмен сабақтасты.

 Жыл бойы әртүрлі деңгейдегі 80-ге жуық жаттығулар өткізілді. Қорғаныс министрі жауынгерлік тапсырмаларды қоярда жағдайдың даму сценарийінің барлық мүмкіндіктерін ескеріп, қолбасшылық пен жеке құрамды кез келген жағдайға яғни таулы жерде, теңіз жағасында, қала ішінде, күрделі ауа райында және  тәуліктің кез-келген уақытына бейім болуға оқытудың қажет екенін атап өтті.

 Алдағы  2013 жылғы жауынгерлік жарыстың ұраны: «Қуатты Армия - Қуатты Қазақстан!» деп аталады.

 Қорғаныс министрі барлық командирлерге қаратып: «Ұшу, жүргізу көрсеткіштері көңіл көншітерліктей, енді Елбасы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы талап етіп отырғандай, жауынгерлік дайындықтың сапасына барынша көңіл бөлуіміз керек»,- деді.

 Болашақта екіжақты жаттығулар өткізудің қажеттілігіне назар аударуға салмақ түсіре сөйлеген Министр жауынгерлік қимылдар театрындағы нақты жағдайды сезіну үшін шартты қарсыластың нақты адамдардан құралуын баса айтты.

Сонымен қатар, алқа отырысында тылдық қамтамасыз ету, полигон жабдықтарына қызмет көрсету, халықаралық ынтымақтастық, және әскери тәртіп мәселелері де қаралды. Әскери тәртіпке жасалған талдау Қарулы Күштерде бұл тақырыпта айтарлықтай ілгерлеу барын көрсетіп берді.