Жауынгерлік оқу-жаттығуға кірісті

Аталмыш шараның ашылуына байланысты оқу орталығының алаңында Қазақстан Қарулы Күштері мен Ресей жағынан жаттығуға қатысатын үш жарым мыңға жуық жеке құрам салтанатты сап түзеді. Қатысушы елдердің ән ұраны орындалып, мемлекеттік жалаулары көтерілді. Жаттығу жетекшісі жиналғандарға жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде бүгінгі жаттығу екі ел арасындағы серіктестіктің дамуына, өзара іс-қимылды жетілдіре түсуге, әскери салада байланысты нығайтуға жаңаша қозғау салатындығын атап өтті.
- Бірлескен жаттығу біздерге әскери кәсібилігімізді жетілдіре түсуге және жауынгерлік шеберлігімізді арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан негізгі біздің міндетіміз - өз Отанын қорғай алатын адамгершілігі жоғары, шыныққан шымыр, саналы да сауатты кәсібилерді дайындау. Бірлескен жаттығуда алға қойған мақсатымызға жететіндігімізге сенімдімін, - деп атап өтті генерал-лейтенант Мұрат Майкеев.
Өздеріне қойылған тапсырманы орындауға әзір әскери қызметшілер салтанатпен сап түзеп өтті. Жеке құрам қорғаныс операцияларын орындау, жағдайды өрістету жөніндегі кешенді шараларды орындауға әзір.
«Оймаша» полигонында Қазақстан Қарулы Күштері мен Ресей жағынан 550-ден астам әскери техника, әуеде 19 ұшақ және теңізде 43 кеме бірлескен жауынгерлік жаттығуларын бастайды.
Әскерлердің бірлескен жаттығулары ертеңге жоспарланған. Жаттығудың алғашқы кезеңінде бөлімдер негізгі ауданда орналасады және белгіленген уақытта бір мезгілде шартты түрдегі жауды жойып жіберу үшін алдыңғы шепте шабуылдау әдістерін орындайды, сондай-ақ өзара-іс-қимыл мен байланысты пысықтайды. Ең бастысы - ұрыс даласында Қазақстан мен Ресей әскерлерінің іс жүзінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірлесе іс-қимыл танытуы болмақ.
Жаттығудың негізгі арқауы немесе мәні Орталық - Азия аймағында оқиғалар орын алған жағдайда, оған қатысу үшін Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басшылығымен Коалициялық әскер тобын (күштерін) құру болып табылады.