Жаяу адамды басып кеткен «КамАЗ» жүргізушісі шартты түрде бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -Астана қаласында жаяу жүргіншіні басып, өлімге душар еткен «КамАз» жүргізушісі бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарланды.

 Жаяу адамды басып кеткен «КамАЗ» жүргізушісі шартты түрде бас бостандығынан айырылды

«Астана қаласы №2 Сарыарқа аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексі 345 бабы бойынша айыпты деп танылған жүргізушіге қатысты істі қарады. Сот барысында белгілі болғанындай, 2015 жылдың ақпан айында сотталушы Е. «КамАз» маркалы көлікті басқарып, жаяу жүргіншіні  басып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты», - делінген баспасөз баянында. 

Осыған байланысты сотталушы кінәлі деп танылып, оны жазасын қоныс-колонияда өтеу бойынша бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.  Сонымен қатар, жүргізушінің көлік құралын басқару құқығына 2 жылға дейінгі мерзімге тыйым салынды. 

Айта кетерлігі, жүк көлігінің жүргізушілері кінәсінен болған қайғылы оқиғалар бұған дейін де орын алған еді.   Мәселен, биыл сәуір айында Астанада бетон таситын жүк көлігі бағдаршамның белгісіне қарамастан жолды қиып өтіп, жаяу жүргіншіні қаққан болатын. Оқиға салдарынан жапа шеккен әйел жедел жәрдем келгенше тіл тартпай кеткен еді.